- Басты бет
- Жаңалықтар
- Ph.D. Ғ.Ә. Қамбарбекова 178 мамандандырылған лицей оқушыларына көшбасшылық дәріс оқыды
Ph.D. Ғ.Ә. Қамбарбекова 178 мамандандырылған лицей оқушыларына көшбасшылық дәріс оқыды
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының аға оқытушысы Ғ.Ә. Қамбарбекова 2024 жыл 13 ақпанда 178 мамандандырылған лицейдің жоғары сынып оқушыларына «Парсы дереккөздеріндегі Қазақ хандығына қатысты деректер» тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды. Көшбасшылық дәрісте ежелгі Тұран мен Иран арасындағы тығыз тарихи, мәдени және руһани байланыстар сөз болды. Шығыстанушы маман кез-келген дереккөздермен тиімді жұмыс істеу үшін не істеу керектігі де басты назарда болды. Қолжазбалар не көне кітаптар түрінде сақталған дереккөздермен қатар түрлі артефактілер, тасқа қашалған жазулар және түрлі бұйымдардың бәрі де дереккөз ретінде қарастыру шығыстану ғылымының алдына қойған мақсаттарының бірі. Мысалы үшін Иран бағытында жұмыс істегенде көне дәуірлердегі патшаларының қабірі, сарайы, түрлі жарлықтары мен тасқа қашап жаздырған жазуларын пәнаралық зерттеулерді пайдалана отырып зерттеу аса маңызды екендігі айтылды. Одан басқа ортағасырлардағы қазақ халқының тарихына қатысты дереккөздердің көбісі парсы тілінде жазылғандығы мен оның себептері талқыланды. Парсы дереккөздерінде алғаш рет қазақ сөзі мен Қазақстан сөзінің «Бадаи аль-вакаи» шығармасында кездесетіні және одан басқа да парсы дереккөздерінде қазақ халқының тарихына қатысты көптеген мәліметтер қамтылғаны баяндалды.
Көшбасшылық дәріс соңында шығыстанушы болуы үшін қандай қасиеттерді бойға сіңіру керектігі мен қандай пәндерді оқуға мән беру қажет екендігі айтылды. Шығыстанушы маман тек қана зерттеуші емес, ол педагог, аудармашы және шығыс елдері мен Қазақстан арасындағы барлық сала бойынша жұмыс істейтін әмбебап маман. Дәріс соңында оқушылар сұрақ қойып өзара пікіралмасуға қатысты. Оқушылардың мағыналы сұрақтары олардың ойы ұшқыр, еркін және болашағынан үлкен үміт күттіретін жастар екендігін толықтай аңғартты. Ғ.Ә. Қамбарбекова қызықты сұрақ қойған оқушыларға өзі және студенттерімен бірге аударған кітаптарды сыйға тартты. Сонымен қатар алдағы уақытта зерттеушілер оқушылармен тікелей байланыс орнатып осындай көшбасшылық дәрістер өткізудің оқушыларға болашақта мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру үшін аса қажет екендігі туралы 178 лицей ұстаздарымен талқыланды.