ҚазҰУ ғалымының еңбектері Ұлттық кітапханада көрмеге қойылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, белгілі тарихшы, Еуразиялық телевизия және радио академиясының академигі Ләйла Ахметованың кітаптары ҚР Ұлттық кітапханасына қойылды.
Көрмеде ғалымның «Брестская крепость», «Панфиловцы: наша гордость, наша слава», «Яростный 1941. Размышления историков», «Журналистика и менеджмент» секілді үздік кітаптары мен оқулықтары ұсынылды.
Ләйла Сейсембекқызы 110-нан астам кітаптың, публицистикалық мақалалар мен мазмұнды монографиялардың авторы. Ғалым Екінші дүниежүзілік соғыс тарихына қатысты тың деректер жинақтап, қазақстандықтардың майдандағы ерлігі туралы жазды. Ол қаза тапқан және хабар-ошарсыз жоғалып кеткен отандастарымыздың құжаттарын іздеуде өзге елдердің архивтерін қарап, аянбай жұмыс істеді. Нәтижесінде тарихшы 635 қазақстандықтың Брест қамалын қорғағанын дәлелдеді.
Ләйла Ахметова елу жылдан бері ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде оқытушы болып жұмыс істеп, отандық әскери журналистиканың дамуына өз үлесін қосып келеді. Осы уақыт аралығында көптеген шәкірттерді тәрбиелеп шығарды.
Айта кетейік, профессордың бірнеше кітабы Қазақ ұлттық университетінің Фараби кітапханасына қойылған болатын. Сондай-ақ ғалымның кітап көрмелері Ұлттық академиялық кітапханада, Беларусь Республикасының Ұлттық кітапханасында өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі