ҚазҰУ-да журналистиканың ХІ қысқы мектебі басталды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Дүниежүзілік радио күніне арналған «Радиотаратудағы жасанды интеллект: жаңа форматтар мен практика» тақырыбында ХІ қысқы журналистика және коммуникация мектебі басталды.
Іс-шараның ұйымдастырушылары: Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық бюросының қолдауымен Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты, БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілдігі және ЮНЕСКО-ның Алматы кластерлік бюросы және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультеті.
БҰҰ-ның Қазақстандағы жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі, Ақпараттық бюро басшысы Властимил Самек қатысушыларды қысқы мектептің басталуымен құттықтады. «2011 жылдың 13 ақпанында ЮНЕСКО-ға мүше елдер Дүниежүзілік радио күнін жариялады. 2012 жылы бұл идеяны БҰҰ Бас Ассамблеясы мақұлдады. Биыл біз Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен бірлесіп кезекті іс-шара өткіземіз. Қысқы мектептің ХІ тақырыбы өте өзекті. Жасанды интеллект – болашақтың ғылымы. Қазіргі уақытта журналистиканың кейбір салалары жасанды интеллектіге ауыстырылды. Бұл – уақыттың бағыты, бірақ нағыз кәсіпқойлар әрқашан сұранысқа ие болады».
Шара барысында белгілі журналистер шеберлік сағаттарын өткізді. Олардың арасында ҚазҰУ-дың PhD докторанты, Data-журналист Олжас Әбдіхалық «Қазақстандық журналистикада Big-Data қолдану практикасы» тақырыбында баяндама жасап, «Minsiz» Studio дауысын қою және көпшілік алдында сөйлеу бойынша жаттықтырушы, «Той-Думан» радиосының продюсері және музыкалық редакторы Жандос Есеналиев т.б. сөз алды.
Үш күндік қысқы мектеп аясында «Тау-Тұран» білім беру-сауықтыру кешені, Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық паркі, Белбұлақ шатқалы сияқты жерлерде түрлі іс-шаралар, кездесулер, семинарлар мен дөңгелек үстелдер өтеді.
Айта кету керек, бұл іс-шара сапалы білім беру және гендерлік теңдік мақсаттарын қоса алғанда, Тұрақты даму стратегиясын (ТДМ) іске асыру шеңберінде жүзеге асырылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі