Қазіргі әдебиет және жастар шығармашылығы

15 ақпан, 2024

 

ТДМ 4 «Сапалы білім» аясында 2024 жылдың 15 ақпанында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология факультетінің қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы Т. Қ. Жүргенов атындағы Мәдени-ағарту, шығармашылық орталығымен бірлесе отырып, филология факультеті мен журналистика факультетінің студенттеріне «Таң-Шолпан» журналының бас редакторы, ҚР Жазушылар Одағы мен Журналистер Одағының мүшесі Нұрлыбек Саматұлымен кездесу ұйымдастырды. Аталған іс-шараның мақсаты – заманауи қазақ әдебиетінің даму үрдістерін талқылау және ҚазҰУ студенттері арасында таланттарды анықтау.

Кездесу барысында танымал ғалым-жүргеновтанушы, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Иманғалиев Бауыржан Сәбитұлының және филология ғылымдарының докторы, профессор, қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі Темірболат Алуа Берікбайқызының бастамасымен құрылған Т.Қ. Жүргенов атындағы Мәдени-ағарту, шығармашылық орталығының ашылуы өтті.

Студенттер алдында жазушы Н. Саматұлы, профессор А.Б. Темірболат, Т.Қ. Жүргенов Клубының жетекшісі Б.С. Иманғалиев сөз сөйледі. Кездесуді қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының аға оқытушысы, Т.Қ. Жүргенов Клубының мүшесі Ш.А. Шортанбай жүргізді.

Баяндамасында Нұрлыбек Саматұлы заманауи жазушылардың шығармашылық ізденістері туралы айтып, өз шеберлігінің құпияларымен бөлісті. Ол «көркем әдебиет» ұғымының мәні мен табиғатын түсіндіріп, жастардың рухани құндылықтарын қалыптастырудағы, тұлғаны тәрбиелеудегі көркем әдебиеттің рөлін ашты. Нұрлыбек Саматұлы мәдениет пен әдебиет сапалы білім берудің ажырамас бөлігі екенін атап өтті.

Кездесу барысында филология факультетінің студенттері жазушыға сұрақтар қойып, өз өлеңдері мен қаламгердің шығармаларынан үзінділер оқыды. Олар қазіргі әдебиет, оның әлеуметтік желілерде таралуы туралы өз пікірлерімен бөлісті. Кездесу соңында Нұрлыбек Саматұлы 2024 жылғы «Таң-Шолпан» журналының бірінші нөмірін сыйға тартты, студенттердің шығармаларына баға беріп, 2024 жылы «Таң-Шолпан» журналында жарияланатын ең үздік және ең қызықты жұмыстарды атап өтті.