- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ ғалымдары «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасын талқылауға қатысты
ҚазҰУ ғалымдары «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасын талқылауға қатысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде VIII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық палатаның отырысы өтті.
Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Айдос Сарым, Таңсәуле Серіков, Екатерина Смышляева, Анас Баққожаев, ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки, ҚР ҰҒА өкілдері, ЖОО басшылары, ғылыми-зерттеу институттарының директорлары, сарапшылар мен зерттеушілер, ҚазҰУ-дың ғалым-сарапшылары қатысты.
Қатысушылар «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын талқылады.
Отырысты Парламент Мәжілісінің депутаты, Қоғамдық палатаның төрағасы Айдос Сарым ашты.
«Ғылым туралы заң – бәріміз үшін маңызды заңдардың бірі. Кез келген экономикалық көрсеткіштің өсуі ғылымның дамуына байланысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы ішкі өнімді 2029 жылға дейін екі есеге арттыру тапсырмасын жүктеген болатын. Бұл межеге ғылымсыз жету мүмкін болмайтыны анық. Бүгінгі кездесу «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасына қатысты өз ұсыныстарымызды білдіріп, жан-жақты талқылауға мүмкіндік береді», – дейді Айдос Сарым.
Өз кезегінде ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки Президент тапсырмасымен әзірленген «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасымен таныстырды.
«Бірінші – ғылымды басқару жүйесінің құрылымын жетілдіру. Екінші – ҚР Ұлттық ғылым академиясының функцияларын кеңейту. Үшінші – Ғылым қорының функцияларын күшейту. Төртінші – ғылыми-техникалық ақпаратты жинау, өңдеу және талдау жөніндегі тетікті енгізу, келешекте сол туралы орталық құру. Бесінші – ғылыми қызметкерлердің, оның ішінде жас ғалымдарға әлеуметтік қолдау пакетін кеңейту. Бұл ұсыныстар 2023 жылы қаңтар айынан бастап 200-ден астам ғалымнан құралған топпен талқыланып, мәжіліске жолданды», – деді вице-министр.
Қоғамдық палата отырысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Таңсәуле Серіков, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиева, талдаушы Ерлан Смайылов, қоғам қайраткері, эколог Айжан Сқакова, профессор Мүслім Хасенов сөз сөйледі. Өз сөздерінде қатысушылар заң жобасында қамтылмай қалған мәселелерді талқылап, пікірлерін білдірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі