Корей халқының жаңа жылы “Сольналь”
Корей халқы Жаңа жылды бір жылда екі рет қарсы алады. Бірі әдеттегі күнтізбе бойынша болса, екіншісі ай күнтізбесі бойынша атап өтіледі. Ай күнтізбесі бойынша қарсы алатын Жаңа жыл биыл Кореяда 9 ақпаннан 12 ақпанға дейін тойланды. 16 ақпан күні Қиыр Шығыс кафедрасының оқытушылары Қабделова Ұ., Сайлаукенова Ә., Шатекова Г. және Бегалиева М. ұйымдастыруымен корей халқының жаңа жыл мейрамы «Сольналь» студенттер арасында атап өтілді. Бұл іс-шараның бастапқы мақсаты корей тілін енді үйрене бастаған 1- курс студенттерін «Сольналь» жаңа жылымен таныстыра отырып, мерекенің мән-мағынасын түсіндіріп, салт-дәстүрі туралы ақпарат беру.
«Сольналь» – ай күнтізбесі бойынша қаңтардың 1 күні тойланатын корей халқының жаңа жылдық мейрамы. Корей халқы үшін ең маңызды мейрамдарың бірі саналатын «Сольнальды» кафедра деңгейінде атап өту студенттеріміз үшін корей мәдениетімен жақынырақ танысуға таптырмас мүмкіндік деп білеміз.
Шарамыз кафедра меңгерушісі Абаған Ақерке Болатбекқызы мен кафедра профессоры Ли Бенг Джоның құттықтау сөзімен басталды. Бұл мерекені біздің студенттерге таныстыруға атсалысқан Корея Республикасындағы Сукменг қыздар университетінің магистранты Ем Хиуонға ерекше алғыс айтамыз! Қиыр Шығыс кафедрасына практикант есебінде келген Ем Хиуон корей мәдениетінің өкілі ретінде студенттерге «Сольналь» мейрамының тарихы мен маңыздылығы, сондай-ақ, мейрам кезінде орындалатын рәсімдер мен дайындалатын тағамдар, ойналатын ойындар турасында түсінік берді.
Сонымен қатар, шара барысында берілген ақпараттарға қатысты сұрақтар қойылып, дәстүрлі ойындар ойнатылды. Іс-шараға бастан-аяқ белсене қатысқан студенттер Корея Республикасының Алматы қаласындағы консулдығына қарасты Білім беру орталығының демеушілігімен дайындалған шағын сыйлықтарға ие болып, соңында тәтті-дәмділер, соның ішінде «Сольналь» кезінде үлестірілетін тәтті «тток» қойылған дастархан басында әңгіме дүкен құрды. Аталмыш іс-шараның кафедра студенттерінің таным көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, өзара қарым-қатынасына да оң әсерін тигізді деген үміттеміз! Шараға қатысқан және сәтті өтуіне атсалысқан барлық студенттер мен оқытушыларға шын жүректен алғыс білдіреміз!
Қиыр Шығыс кафедрасының оқытушысы Сайлаукенова Әйгерім