«ОҚУШЫЛАРДЫ ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫСҚА ДАЙЫНДАУ ЖОЛДАРЫ» АТТЫ ҒЫЛЫМИ-ӘДІСТЕМЕЛІК СЕМИНАР

16 ақпан, 2024

2024 жылдың 16 ақпан күні Алматы қаласы, Әуезов  ауданы, №202  мектеп-гимназияның мәжіліс залында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Алматы қаласы БЖИ ұйымдастыруымен «ОҚУШЫЛАРДЫ ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫСҚА ДАЙЫНДАУ ЖОЛДАРЫ» атты әдістемелік семинар өтті. Бұл әдістемелік семинарға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының оқытушы-профессорлары арнайы шақырылған еді.  Әдістемелік семинарға №202 мектеп-гимназияның директоры Болат Жанайхан мырза және пән мұғалімдері белсене қатысып, ғылыми зерттеу жұмыстары бойынша бірнеше сұрақтар қойды.

Бұл әдістемелік семинардың  мақсаты – пән мұғалімдерін ғылыми жұмыстарды жазу әдістемесімен таныстыру, оқушылардың ғылыми жұмыстарды жазуға белсенділігін, қызығушылығын арттыру, дарынды балалардың шығармашылық қабілетін дамыту болып табылады.

Мектеп мұғалімдеріне ғылыми жұмыстарды жазудың жоспары таныстырылым арқылы көрсетілді және  «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы ұсынған ереже негізінде ғылыми зерттеу жұмыстарын жазудың талаптары бойынша құнды мәліметтер ұсынылды. Атап айтқанда, ғылыми жұмыстың құрылымы, ғылыми апараты, зерттеу нысаны, әдіс-тәсілдері мен ғылыми жұмыстың мазмұны жөнінде ережеге сай мәліметтер толық  берілді.  

Сонымен қатар,  «Қазақ фольклоры», «ХХ ғасырдағы қазақ  әдебиеті», «Шешендік өнер», «Балалар әдебиеті» т.б.  әдебиеттің салалары бойынша маңызды ақпараттар  және мектеп мұғалімдерінің ғылыми жұмыстар туралы қойған сұрақтарына  мазмұнды, мағыналы жауаптар берілді деген ойдамыз.

Ғылыми-әдістемелік семинар негізінде пән мұғалімдеріне ғылыми зерттеу жұмыстарының талаптары жан-жақты жүйелі деректермен түсіндірілді.  Мектеп оқушыларына ғылыми жоба тақырыптарын таңдаудың мәні мен маңыздылығы, тақырыптың өзектілігі, ғылыми жаңалығы, оқушылардың жас ерекшелігі туралы да құнды ақпараттар берілді. Мектеп мұғалімдеріне ғылыми жұмыстарды жазу әдістемесі кеңінен насихатталып, біраз құнды деректермен танысты деген сенімдеміз.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Алматы қаласы БЖИ ұйымдастыруымен  наурыз айына жоспарланған оқытушы-профессорлардың тиімді оқыту бағдарламасы аясында өтетін (72 сағаттық) курсқа  №202 мектеп-гимназияның бірлестік жетекшілері және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері арнайы шақырылды.

Семинар соңында, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Толкунова Қарлығаш Қазақ ұлттық университетінен келген қонақтарды мектеп-гимназияның 11-сынып оқушыларымен кездестірді, оларға 90 жылдық тарихы бар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің факультеттері мен білім беру бағдарламалары таныстырылды. «Қазақ университеті» газеті таратылып, мектеп бітірушілерге кәсіби бағдар беру жұмыстары да талапқа сай жүргізіліп, университетке оқуға шақырылды.

Сарбасов Болатхан Серғазыұлы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

профессор м.а., филология ғылымдарының кандидаты