ҚазҰУ Қытай ғалымдарымен ортақ жобаларды іске асыруда
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға бірлесен зертхана ашу мәселесін талқылау үшін ҚХР Ғылым академиясының Шыңжаң экология және география институтының делегациясы келді.
Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Жәмила Айтжанова Қытай делегациясына қаңтар айының соңында Үрімжі қаласында ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық көрмесін ұйымдастыруға қолдау көрсеткендері үшін алғысын білдірді.
ҚХР Ғылым академиясының Шыңжаң экология және география институтының делегациясымен кездесу барысында «Қашықтан зондтау технологиялары және оларды қолдану жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен зертханасы» үшін ғимаратты дайындау және оны ашу мерзімін және басқа да мәселелер талқыланды.
Тараптар сондай-ақ Belt and Road Initiative шеңберінде «Табиғи ресурстарды қашықтан мониторингілеудің типтік технологиясын бірлесіп әзірлеу және қолдануды көрсету» атты бірлескен халықаралық жоба бойынша сұрақтарды саралады.
Айта кету керек, ҚХР білім вице-министрі Сун Яо мырзаның шақыруымен 2024 жылғы 25-27 қаңтарда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті алғаш рет Үрімжі қаласында (ҚХР) ғылыми-инновациялық көрме өткізді. Іс-шараға 196 ректор мен жергілікті университеттердің ғылыми-зерттеу орталықтарының басшылары, 600-ден астам қытайлық жоғары оқу орындарының өкілдері, ірі өндірістік 40-тан астам кәсіпорын мен екі елдің дипломатиялық корпус басшылары, ғалымдар мен кәсіпкерлер жиналды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі