ҚазҰУ делегациясы Санкт-Петербург политехникалық университетінің ғылыми жобаларымен танысты

21 ақпан, 2024

Ұлы Петр атындағы Санкт-Петербург политехникалық университетіне жұмыс сапары барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті делегация СПбПУ-дың перспективалық жобалары жөніндегі проректоры, Компьютерлік инжиниринг орталығының басшысы Алексей Боровковпен кездесті.

Жүздесу барысында тараптар болашақта атқарылатын ортақ жобалардың жоспарын талқылап, ҚазҰУ мен Санкт-Петербург политехникалық университеті базасында цифрлық ұшу аппараттарын әзірлеу жөніндегі бірлескен ғылыми орталық құру мәселесін қарастырды.

ҚазҰУ делегациясы Компьютерлік инжиниринг орталығын аралап, жаңа ғылыми жобалармен танысты. Ғалымдардың назарына салқындатудың екі түрі бар және өнімділігі 1,5 петафлопс (1500 терафлопс) болатын суперкомпьютер көрсетілді. Ол ғылыми және өндірістік мәселелерді шешу үшін қолданылады.

«Санкт-Петербург политехникалық университеті ғылым және технология саласы бойынша Ресейдің көшбасшы жоғары оқу орны. Оқу ордасының ғылыми орталықтарында «Газпромнефть», «Росатом» және басқа да жетекші компаниялардың бағдарламалары іске асырылуда. Мәселен, ғылыми орталықты қаржыландыру қаражаты жылына 600 миллион рубльден асады», – деді проректор Алексей Боровков.

Айта кетейік, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев бастаған делегация Ғылым апталығына қатысуда. Ұлы Петр атындағы Санкт-Петербург политехникалық университетінің 125 жылдығына арналған ғылыми апталыққа Ресей Федерациясы Президентінің Солтүстік-батыс федералды округіндегі өкілетті өкілі Александр Гуцан, Санкт-Петербург губернаторы Александр Беглов, Ленинград облысы үкіметі төрағасының орынбасары Олег Малащенко, Санкт-Петербургтің құрметті азаматы Михаил Пиотровский, федералды және аймақтық билік органдарының өкілдері, ЖОО ректорлары, академик-ғалымдар мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары қатысып жатыр.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі