ҚазҰУ студенті Жапония шәкіртақысын иеленді
Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультеті жапонтану бөлімінің 4-курс студенті Диана Пазылбекова Жапония үкіметінің MEXT «Жапон тілі және Жапония мәдениеті (Никкенсэй)» стипендиясын жеңіп алды.
Диана Пазылбекова Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде «Аударма ісі» мамандығы бойынша оқиды. Қазір Жапонияның Саппоро қаласында, Хоккайдо университетінде білімін жетілдіруде.
«Жапонияда өткізген қысқа уақыт ішінде дәстүрлі жапон мәдениетімен жақынырақ таныстым. Жапон тілі мен мәдениетін тереңдетіп оқып жатырмын. Сабақтар тек теориялық білімді ғана емес, сонымен қатар тәжірибелік жұмысты да қамтиды. Қолым бос уақытта «Букацу» арнайы клубына қатысамын. Жапон университеттері ерекшеліктерінің бірі – студенттерді қызығушылықтары бойынша біріктіретін арнайы клубтар ұйымдастырылған. Мысалы, Хоккайдо университетінде жеке қасиеттер мен шығармашылық қабілеттерді дамытуға бағытталған 250-ден астам студенттік клуб бар. Мұнда мен «Табиғат туралы әңгімелер» деп аталатын клубқа барамын. Басқа студенттермен бірге Жапонияның көрікті жерлерін аралап, олардың ерекшеліктерін зерттеп, жаңа достар табуға мүмкіндік бар», – дейді ҚазҰУ студенті.
Айта кетейік, Жапония үкіметінің MONBUKAGAKUSHO: MEXT (NIKKENSEI бағдарламасы) стипендиясы жапон тілі мен мәдениетін тереңдетіп оқуға қызығушылық танытқан шетелдік студенттерге беріледі. Грантқа оқу ақысы, ай сайынғы стипендия, жол шығындары кіреді.
Диана Пазылбековадан (Хоккайдо университеті) басқа, биыл шығыстану факультетінің үш студенті: Рахима Ережепова (Дайто Бунка университеті), Шахислам Қажен (Осака университеті), Әмір Қайыркеев (Токио шет тілдер университеті) стипендия иегері атанды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі