ҚазҰУ-да Төлеген Тәжібаевтың ғылыми мұрасы сараланды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да университеттің 90 жылдығы аясында мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, академик Төлеген Тәжібаевтың ғылыми мұрасын зерттеуге арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
«Қазақстанның ғылым және білім беру жүйесі: даму жолдары мен перспективалары» тақырыбында өткен конференция аясында Т.Тәжібаевтың ғылыми еңбектерінің көрмесі ұйымдастырылып, ғалымның өмірі мен қызметі туралы фильм көрсетілді.
Жиында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, ғалымның еңбек жолы ҚазҰУ-мен тығыз байланысты екенін атап өтті.
«Төлеген Тәжібаев 1947 жылдан 1953 жылға дейін С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры қызметін атқарды (қазіргі ҚазҰУ). Ғылыми жұмыс пен мемлекеттік қызметті ұштастырып, елдің дамуына зор үлес қосты. Педагогика, психология саласында іргелі зерттеулер жүргізіп, ізбасар шәкірттер тәрбиеледі. Қазақ тіліндегі психологиялық ғылым терминдерінің қалыптасуына елеулі үлес қосып, өзінің ғылыми мектебін қалыптастырды», – деді ректор.
Ғылыми басқосуда Үндістанның Қазақстандағы елшісі Свапнил Шарад Котхаваде, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының директоры Зулфухар Гаипов, Абай атындағы ҚазҰПУ Физика, математика және информатика институтының директоры, Т.Тәжібаевтың жиені Бақыт Сыдықов, Жамбыл атындағы Қазақ фольклоры мен әдебиеті ғылыми-зерттеу орталығының директоры Алмасбек Мәуленов, Әулие Климент София университетінің профессоры Охрид Сиик Чавдаров-Костов және т.б. сөз сөйледі.
Конференцияда Қазақстанның Норвегия Корольдігіндегі елшісі қызметін атқарған тарих ғылымының кандидаты, доцент Қайрат Әбусейітовтің, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ғылыми қызмет жөніндегі проректоры, профессор Әлия Масалимованың құттықтау хаттары оқылды.
Конференция барысында көрнекті ғалым, ҚазҰУ ардагері Жолмұхан Түрікпенұлы мен ҚазҰУ профессоры Алмасбек Мәуленовтіңакадемик Төлеген Тәжібаев туралы жазған «Заңғар тұлға» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Панельдік сессия барысында ғалымдар Төлеген Тәжібаевтың ілімі негізінде университет ғылымын дамытудың жаңа бағыттарын талдады.
Конференцияға Ресей, Өзбекстан, Болгария, Қырғызстан ғалымдары, жоғары оқу орындарының оқытушылары, білім беру жүйесінің жетекшілері, студенттер, жас ғылыми зерттеушілер қатысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі