Ғылымды дамыту үшін жас ғалымдардың образын қалыптастыру маңызды

23 ақпан, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Ұлттық ғылым академиясы жас көшбасшыларының отырысы өтті.

Жиынға ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай мен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің мүшелері, жоғары оқу орындарының және  ҒЗИ-дың жас ғалымдары қатысты.

Отырыс барысында жетекші жас ғалымдар ғылыми экожүйені дамыту және ғылыми зерттеулердің басым бағыттары бойынша өз идеяларымен бөлісті. Сондай-ақ жас ғалымдардың ғылымдағы рөлін арттыру және оларды әлеуметтік қолдау шаралары туралы өз ұсыныстарын ортаға салды.

Іс-шараны Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев ашты. «Ұлттық ғылым академиясының басты міндеті – ел экономикасының дамуына үлес қосуға қабілетті және дарынды жастарды тарту орталығына айналу. Академияның қызметін одан әрі дамытуда және жетілдіруде жас ғалымдардың пікірі біз үшін маңызды. Түйткілді мәселелердің барлығын бүгінгі жиында талқылайтын боламыз. Академия басшысы ретінде жас ғалымдардың өз ұсыныстарын жеткізіп қана қоймай, ғылыми саладағы өзекті мәселелерді шешуге тікелей қатысқанын қалаймын», – деді Ақылбек Күрішбаев.

Сөз соңында академия президенті ҚР ҰҒА жанынан алғаш рет Жас ғалымдар кеңесінің құрылғанын жеткізді. Кеңес еліміздің жас ғалымдарын біріктіретін және өз қызметі үшін барлық қажетті өкілеттіктерге ие беделді ұйымға айналады.

ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сөз сөйлеп, ЖОО-лардағы ғалымдардың рөлі күннен-күнге артып жатқанын айтты. Бүгінде елімізде ғалымдардың саны 22 мыңнан асатынын жеткізді.

Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры құрметті  қонақтарды қарсы ала отырып, оқу ордасында жас ғалымдарға жағдай жасау және олардың мүмкіндіктерін арттыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Бүгінде ҚазҰУ-да 40 жасқа дейінгі 300-ден астам жас ғалым жұмыс істейді. Көпшілігі әлемнің жетекші университеттері мен орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтті. Университетте Жас ғалымдар кеңесі нәтижелі жұмыс атқарып келеді. ҚазҰУ-ға зерттеу университеті мәртебесі берілгеннен бастап университеттік ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Университет ғылымынан түскен табыс соңғы үш жылда екі есеге артып, 8,5 млрд теңгені құрады», – деді Жансейіт Түймебаев.

Кездесуде ғалымдар сөз сөйлеп, ғылымды дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі