Музыкалық мәдениетті дамытудың тәрбиелік мәні
2024 жылдың 22 ақпан күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қабырғасында «Тұрақты даму» концепциясының 4-ші «Ауқымды және әділетті сапалы білім беру» мақсаты аясында «Музыкалық мәдениетті дамытудың тәрбиелік мәні» атты дөңгелек үстел өткізілді. Аталған іс-шара ҚР мәдениет саласының үздігі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, әнші Құрманғалиев Тілеулес Құралбайұлының қатысуымен философия және саясаттану факультеті, дінтану және мәдениеттану мамандығының студенттері, магистранттары мен докторанттары үшін арнайы ұйымдастырылды.
Дөңгелек үстел барысында білімнің сапалы, ауқымды әрі терең болуы үшін музыкалық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы алға тартылып, музыкалық мәдениетті дамытудың тәрбиелік мәні жан-жақты талқыланды.
Ұлтымыздың бүкіл рухани игілігі кешеге дейін ешбір жазбасыз дамып, ауыздан-ауызға, өткеннен-болашаққа ұлттық аспаптарды қолдану арқылы, яғни музыка арқылы жеткізілгені мәлім. «Домбыра сөйлейді, қобыз жеткізеді, сыбызғы білдіреді...» - дейді қазақ. Сол себепті бүгінгі күнге жеткен музыкалық мұраларымыздың бізге айтары мен берері көп екендігі күмән тудырмайды.
«Балаға білім бергенде алыстан жақынға, таныстан жатқа көшіп, жаңа білімді ескі білімге байлап беру керек» - деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, жаһанданған әлемнің озық ақпары мен өткеннен бүгінге жеткен мәдени мұраларымызды тану арқылы біткен жан-жақты білім әрі сапалы әрі терең болмақ.
Ұйымдастырушылар: Абишева А.К., Аликбаева М.Б., Сариева П.М., Исламбеков Ә.Б.