- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қоғам қайраткері, ғалым Төлеген Тәжібаевтың туғанына 114 жыл толуына орай «Қазақстан ғылымы және оқу-ағарту жүйесі: даму жолдары мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қоғам қайраткері, ғалым Төлеген Тәжібаевтың туғанына 114 жыл толуына орай «Қазақстан ғылымы және оқу-ағарту жүйесі: даму жолдары мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
Ғылым мен білімнің қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қоғам қайраткері, ғалым Төлеген Тәжібаевтың туғанына 114 жыл толуына орай «Қазақстан ғылымы және оқу-ағарту жүйесі: даму жолдары мен болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Алып таулар алыстаған сайын биіктей түсетіні секілді тарихтағы толағай тұлғалар да уақыт озған сайын тұлғаланып, ірілене бермек. Олар уақыт елегінің көзіне жұтылмайды, ұмытылмайды. Керісінше келешек ұрпақ өмірінде өшпес өнеге болып мәңгі жатталып, сақталады.
Қасиетті Қаратау өңірінен қанаттанып, халқы үшін қалтқысыз қызмет қылған қайраткер, ғалым Төлеген Тәжібаев та осы сынды тарихтағы тау тұлғаларымыздың бірі және бірегейі. Оның артында қалдырған рухани мұрасы мен қажымас қайраттан туған абыройлы істері сан түрлі салада мол ұшырасады.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетініңдеканы, философия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор өз сөзінде Мейірбаев Бекжан Берікбайұлы ғалым Төлеген Тәжібаевтың құрметіне ғылыми-тәжірибелік конференция өткізу, тәжірибе алмасу ісінің оң үрдіске айналып келе жатқандығын атап көрсетті.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Т.Тәжібаев есімі айрықша аталып, ұлт үшін атқарған ұлы істері, ғылымдағы жаңалықтары мен жүріп өткен жолы ұлықталды.
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма төрағасы – Ректор, филологияғылымдарының докторы, профессор Түймебаев Жансейіт Қансейітұлының алғы сөзінен бастау алып Ташкенттен, Ресейден, Болгариядан ғалымдар өз ойларымен бөлісті. Конференцияға қатысушы отандық ғалымдар Т.Тәжібаевтың әр саладағы қоғамдық-саяси қызметіне әр түрлі қырынан өз бағаларын берді.
Алаш ардақтысының көзін көрген п.ғ.к., профессор Жолмұхан Түрікпенұлы мен ф.ғ.д., профессор Алмасбек Мәуленовтың тарихи тұлғаның өмірі, педагогика саласында атқарған істері, бүгінгі заманауи білім беру жүйесіндегі орны туралы баяндайтын «Заңғар тұлға - Академик Т.Т.Тәжібаев» кітабының тұсауы кесілді.
Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Әлқожаева Нұрсұлу Сейткерімқызы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қолдауымен философия және саясаттану факультетінің ұжымы Т.Тәжібаевтың педагогикалық-психологиялық мұраларын насихаттау ісінде ауқымды жұмыстар атқарғандығына тоқталып, ғалым туралы жарық көрген еңбектердің ерекшеліктеріне назар аударды.
Төлеген Тәжібаев өмірін халқына, халқының келешегіне арнай білген ірі қайраткер, арда азамат. Сондықтан да Төлеген Тәжібаев есімі ел есінде мәңгі жатталып қала бермек. Оның биігі еш аласармайды. Уақыт керуені қанша ұзаса да әрқашан менмұндалап көзге шалынады. Көңілден өшпейді. Себебі ол халық перзенті, қазақ ұлы бола білді.
Автор: Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының аға оқытушысы, п.ғ.к. Байдалиев Дархан Дәулетжанұлы