ЖЫР АЛЫПТАРЫНЫҢ КӨРМЕСІ

27 ақпан, 2024

Бүгін ҚазҰУ-де "Жамбыл апталығы" басталды. Жыр дүлдүлі Жамбылдың 178 жылдығына орайластырылған әдеби-мәдени шара Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – ректоры Ж.Қ.Түймебаевтың қолдауымен және Филология факультетінің деканы, ф.ғ.д., профессор Б.Ө.Жолдасбекова бекіткен оқу-әдістемелік жоспарға сәйкес жүргізілуде.
      Апталықтың салтанатты ашылуы қарсаңында факультет фоэсіне Алматы облыстық Сүйінбай, Жамбыл және Үмбетәлі ақындардың мемориалдық музейлерінің көшпелі көрмесі қойылып, университет ұстаздары мен студенттері жыр алыптарының жеке жәдігерлерімен танысты. Көрмеде қойылған үш бірдей ақынның сонау өткен ғасырдың 30-40 жылдары жасалған қолтума домбыралары мен тұрмыста тұтынған заттары көрермен қызығушылығын туғызды. Жыр алыптарының бұл көрмесін Сүйінбай Аронұлы мұражайының директоры - Аяужан Сәдуахасов, Жамбыл Жабаев мұражайының директоры - Салтанат Жамбылова, Үмбетәлі Кәрібаев мұражайының директоры - ақынның немересі Әуелбек Ысқақов таныстырды.
Бұдан соң апталықтың ашылу салтанаты М.Әуезов атындағы аудиторияда    "Халық - менің шын атым" атты әдеби-танымдық кешпен жалғасты. 
     Кеш барысында Тарих факультетінің деканы, т.ғ.д., Досбол Байқонақов пен Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ф.ғ.к. Нұржан Қуантайұлы сөз сөйлеп, жиынға қатысушылар мен факультет ұжымын «Жамбыл апталығының» салтанатты ашылуымен құттықтады. Сонымен қатар, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Қансейіт Әбдезұлы, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нағашыбек Қапалбекұлы, филология ғылымдарының докторы, доцент, Алмасбек Мауленов, т.б. зерттеушілер баяндама жасап, Сүйінбай ақындық мектебінің тарихынан сыр шертті. Кеш соңы ән-жырға ұласты.
         Жыр алыбын еске алуға арналған апталықтың ұйымдастырушылары: Филология факультеті Жамбыл атындағы филологиялық зерттеулер Ғылыми орталығы мен Жамбылдың әдеб-мемориалдық музейі. Аталған әдеби-мәдени шара Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің 90 жылдық мерейтойына арналып отыр. "Жамбыл апталығы" 28 ақпанға шейін жалғасады.