ҚазҰУ-да Hackathon Digital Farabi 2024 жарысы өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ақпараттық технологиялар факультетінде Hackathon Digital Farabi 2024 жарысы өтті.
Hackathon Digital Farabi 2024 – студенттер мен жас мамандарды цифрлық өзгерістер мәдениетіне тартудың қызықты тәсілі. Негізгі мақсат – қойылған міндеттердің бағдарламалық моделін құру және цифрлық технологиялар идеяларын дамыту, сондай-ақ жас мамандарға өз идеяларын іске асыруға жәрдемдесу.
Байқауға еліміздің жетекші жоғары оқу орындарынан 28 команда қатысты. Олар келесі кейстер бойынша тапсырмаларды орындады: «Интернет желісінен деректерді мониторингке келтіру туралы мониторинг және хабарлау жүйесін әзірлеу» (MSSP Global IT-компаниясы), «IT-компаниядағы ішкі грейдинг жүйесін жақсарту» (ONE technologies ІТ-компаниясы), «Қазақ тілінің мәтіндік деректерін өңдеудің зияткерлік сұрақ-жауап жүйесін әзірлеу», «Терең нейрондық желілерді қолдана отырып, стеганография әдістерін жіктеу моделін құру» (Torus IT-компаниясы), «Желілік деректерді талдау, жіктеу және бақылау әдісін әзірлеу» (Torus IT-компаниясы), «Әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде киберэкстремизмді анықтау үшін модельдер әзірлеу» (Torus IT-компаниясы), «LBC жеңіл салмақты шифрлау алгоритмін пайдалана отырып, файлдарды шифрлау үшін Android ОЖ базасында мобильді қосымшаны әзірлеу».
28-ден астам қызықты жоба әзірленді. Командалар жобаларды қорғағаннан кейін білікті қазылар алқасы нәтижелерді – жоба идеясы, жаңалығы, тақырыпқа сәйкестігі, пайдаланушылар мен деректердің қауіпсіздігі, пайдалану мүмкіндігі және ыңғайлылығы т.б. талаптар бойынша бағалады.
Нәтижесінде ҚазҰУ-дың келесі командалары жеңімпаз атанды: «Open Source», «Universe», «ВИСсИИ», «DoRest», «Jupiter және Team», «Winner», «IT jigits», сондай-ақ Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың «JAKO» командасы.
Студенттер мен жас мамандарға арналған жүлделі орындардан басқа, қатысушыларға демеушілер есебінен арнайы сыйлықтар табысталды.
Іс-шара соңында ақпараттық технологиялар саласындағы білікті мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды, сондай-ақ IT және киберқауіпсіздік саласындағы ғылымды дамыту жөніндегі идеяларды талқылады.
«Хакатон» жарысы жас өнертапқыштардың білімін шыңдайды, жастардың инновациялық қабілеттерін арттырады. Ұйымдастырушылар болашақта осындай жарыстарды үнемі өткізуді көздейді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі