Қиыр Шығыс кафедрасының шетелдік профессоры Ниномия Такаши Халықаралық қатынастар факультеті студенттеріне дәріс оқыды

29 ақпан, 2024

2024 жылдың 27 ақпанында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Халықаралық қатынастар факультетінде Дипломатиялық аударма кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазіргі заманғы технологияларды пайдалана отырып, ұлттық құндылықтар негізінде ағылшын және француз тілдерін оқыту құзыреттілігін қалыптастыру» атты дөңгелек үстел өткізілді. Берілген дөңгелек үстел ҚР ҒЖБМ-нің АР 14869709 «Ұлттық құндылықтар негізінде шетел тілдерін оқыту ерекшеліктері» жобасы аясында ұйымдастырылған. Шара барысында Ахмет Тоқтабай (этнолог, Ғылым ордасы профессоры) «Ұлттық құндылықтардың зерттелуі және маңызы» деген тақырыпта және Сейдікенова Алмаш (ҚазҰУ, Дипломатиялық аударма кафедрасының меңгерушісі) «Мәдениетаралық коммуникацияға ұлттық құндылықтардың әсері» тақырыбында дәрістер оқыды. Шығыстану факультетінен шетелдік профессор Ниномия Такаши «Жапониядағы ескі және жаңа дәстүрлер» атты арнайы дәріс оқыды. Ол өзінің баяндамасында ескі дәстүрлер ретінде шәй рәсімін, Кабуки театрын және майко өнерін атады. Ал жаңа дәстүрлер ретінде манга, аниме және бетперделер өнері жөнінде сөз қозғады. Ниномия Такаши  жапон қоғамында майколардың әлеуметтік тұрғыдан жоғалып кету қаупі бар екенін, бірақ Кабуки театры және аниме өнерінің Жапонияның жұмсақ күші ретінде дүниежүзіне одан әрі таралып, өз дамуын жалғастыратындығы жөнінде болжамдар жасады.