Қаңтар оқиғасы халықты көп жылға есейтті
Қаңтар оқиғасы халықты көп жылға есейтті
Қазірде халқымыздың құқықтық сауаттылығы арта түскенін биліктің үш тармағы өкілдерінің кері байланысқа шығып, үнемі атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстырып отыруынан, жұртшылықтың дер кезінде тың ақпараттар алып, құқыққа сай әрекет ете білуінен байқауға болады. Бұл Президентіміз айтқандай: «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек алға қарауымыз керек» деген ойын айшықтай түскендей.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында қаңтар оқиғасына қатысты білдірген көзқарасы үлкен маңызға ие. Адвокат ретінде бірқатар бейбіт тұрғындардың, кейбір күдіктілердің заңды мүддесін қорғағанымда, біршама жайттарды іс материалдарындағы тергеушілердің көркем әдебиетшідей шебер сипаттап, оны көшіріп, басқа істердің материалдарына қоса беретіндігі мені таң қалдырғанын жасыра алмаймын. Себебі, күдікті деп тану туралы екі-үш беттен тұратын қаулы болса, соның жарты парағы ғана тиісті күдіктіге қатысты әрекеттер, қалғаны жалпы көшірме сипаттау сөздері еді. Заң құжаттары нақтылықты талап етеді. Тіпті кейбір істе бір - бірін мүлдем танымайтын, топтың арасында жәй жүрген адамдарды, қол телефоны сигналдары өзара жақын жерлерден тартқан азаматтарды бір топ құрды деген желеумен ұстап, оларға қатысты тергеу амалдарын жүргізіп, сотқа жеткізген істер де бар. Тіпті, ұстап әкелген адам оларды шынымен де танымайтынын, жол-жөнекей қосылғанын айтып тұрса да, қорқытып, «қамап» қоямыз деп, жалған жауап беруге мәжбүр етпекші болған кездер де болды.
Осы ретте біз нағыз күдіктілер мен басым көпшілікке ере шыққан қарапайым халық өкілдерін ажырата білуіміз керек. «Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледінің» кебін кимес үшін қаңтар оқиғасына қатысты деп күдік келтірілген біраз адамдардың істеріне осы тұрғыдан мән берген абзал. Бұл мәселеде Президентіміз «қаңтар оқиғасына қатысқандарға рақымшылық жасау туралы» заңды қабылдауы арқылы сол ортада қызу қандылықпен, бұзақы топқа ілесіп құқық бұзғандарға қатысты жазаны жеңілдетуге жол ашты.
Президентіміз өз сұхбатында қаңтар оқиғасының орын алу себептерін нақтылап берді. Барлық айтылған ойларынан қаңтар оқиғасының астары өте тереңде жатқандығын бағамдауға болады. Аңқау халықтың бұл іске еш қатысы болмағанын баса айтқым келеді. «Аңқау елге арамза молда» болғандар заңды жауапқа тартылуы керек.
Тағы бір айта кетер жайт, қаңтар оқиғасы іспеттес ауқымды құқық бұзушылықпен күрес жүргізудегі құқық қорғау органдарының қызметі де бұл тұста үлкен сынға түсті. «Біреу тойға айналғанда, кейбіреулердің қойға бас салғаны» да жоқ емес. Оның бағасын уақыты келгенде бере жатармыз. Сол кездегі күрделі ахуалдан да өткен мемлекетіміз мен халқымыздың болашағы жарқын боларына сенемін. «Халық үніне құлақ асатын мемлекетте» мәселелер тек бейбіт алаңдарда, мәдениетті түрде шешілуі тиіс. Бұл тұрғыдан алғанда халықтың құқықтық сауаттылығы деңгейі де сол қаңтар оқиғасы кезінде қылаң бергенін жасыра алмаймыз. Дегенмен, қаңтар оқиғасынан кейін мемлекетіміз көп жылға есейді.
Бүгінде халықтың қаржылық сауаттылығы мәселесі де өзекті. Сұхбатта сөз болған «халықтың қарызға батуына» байланысты мемлекет тарапынан жасалып жатқан тың шаралардың нәтижесі осы жолғы Үкімет басшысынан күтетін жақсы бастамалардың бірі болатынын айта кеткен жөн. Орта буыннан жас буын сабақ алатыны заңдылық десек, біз еңбекқор, білімпаз, кәсіби, адал, бастамашыл, мейірімді, қарапайым қасиеттерімізбен «елім десе еміреніп тұратын» болашақ ұрпаққа үлгі көрсете білуіміз керек. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, әрбір отбасы өз құндылықтарын арттыра отырып, әділетті Қазақ мемлекетінің шаңырағына бір-бір мықты уық болып қадалуы керек!
Роза Өміртай, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің
Заң факультетінің аға оқытушысы,
заң ғылымдарының кандидаты, АҚАА адвокаты