ҚазҰУ-да қысқы сессия қорытындысы талқыланды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ғылыми кеңесінде қысқы емтихан сессиясының қорытындылары мен «Нейроғылымның келешегі» атты пәнаралық ғылыми журналын құру мәселелері талқыланды.
2023/24 оқу жылындағы қысқы емтихан сессиясының қорытындысы туралы Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ләззат Еркінбаева баяндады.
Қысқы емтихан сессиясына 23 286 білім алушы қатысты. Емтиханда Univer, Startexam және Moodle платформалары қолданыла отырып, онлайн, офлайн және аралас формаларда тапсырылды. Бакалавриат бойынша абсолютті үлгерім – 87 пайыз, магистратура бойынша – 91 пайыз, докторантура бойынша 95 пайызды құрады. Академиялық мәселелер жөніндегі проректордың баяндамасында оқу жоспарларындағы айырмашылықты зерделеуге тіркелген апелляциялық жұмыстардың саны, кітапханаға бару және т.б. қоса алғанда, үлгерімнің бірқатар критерийлері бойынша ақпарат қамтылды.
Спикер сөзінің соңында Ғылыми кеңестің қарауына қаулы жобасы шығарылды. Онда, атап айтқанда: оқыту сапасы жөніндегі академиялық комитеттерге емтихан тапсырмаларының сапасын арттыру үшін білім алушылардың жасанды интеллект (ЖИ) пайдаланған деректерін анықтаған емтихан тапсырмаларын талдау және қысқы емтихан сессиясын сәтті тапсырған студенттерге, интерндерге, магистранттарға және PhD докторанттарға стипендия тағайындау туралы бұйрықтар дайындау тапсырылды. Сонымен қатар академиялық мәселелер жөніндегі департамент оқытушыларға білім беру процесінде жасанды интеллектіні пайдалану бойынша оқыту жүргізуі, сондай-ақ оқу процесінде ЖИ ресурстарын пайдалану туралы ереже әзірлеуі қажет. Отырыста сондай-ақ Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Еркін Дүйсеновтің университеттегі ағымдағы ахуал туралы, сондай-ақ Биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасының меңгерушісі Альмира Кұстыбаеваның «Нейроғылымның келешегі» пәнаралық ғылыми журналын құру туралы баяндамалары тыңдалып, талқыланды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі