ҚазҰУ Middle East 2024 саммитіне қатысты
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өкілдері Рас-Эль-Хайма қаласында (Біріккен Араб Әмірліктері) өткен QS Higher Education Summit: Middle East 2024 саммитіне қатысты. Ауқымды шара «Инновация мәдениеті: өркендеген Таяу Шығыс үшін білім сапасын арттыру» тақырыбына арналды.
American University of Ras Al Khaimah (AURAK) университетінде өткен шараға әлемнің 35 елінің 470-тен астам жоғары білім саласының өкілі қатысты. Олардың қатарында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Стратегиялық даму орталығы директорының м.а. Нұрболат Құдайбергенов және ҚазҰУ Директорлар кеңесінің корпоративтік хатшысы Қарлығаш Үсейінова болды. Саммит аясында Таяу Шығыс елдерінің жоғары оқу орындарының көрмесі ұйымдастырылды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бұл көрмеге платина демеушісі ретінде қатысты. Университет өкілдері барлық жоғары оқу орындарының қызметімен танысып, ақпарат алмасты.
Олар пленарлық отырыстарға қатысып, онда академиялық ұтқырлықты интернационалдандыру, жаһандық жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, ОПҚ-ны интернационалдандыру, зерттеулердің жаһандық ықпалы мен беделін арттыру, университеттің жаһандық брендін құру мәселелерін талқылап, пікір алмасты.
«Жоғары білім бүгінгі күні аймақтық даму үшін өте маңызды және жаһанданған әлемде маңызды орын алады. Университеттер студенттерді дамып келе жатқан еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа дағдылар мен біліммен қаруландыру үшін өз бағдарламаларын бейімдеу керек. Сонымен бірге жасанды интеллектіге ерекше назар аударған жөн және университеттер жаңа технологияны қолдана отырып, белгілі бір ережелерді сақтау арқылы оның білім сапасына қауіп төндірмейтініне көз жеткізуі керек», – деп атап өтті Н.Құдайбергенов.
Саммитке қатысушылар инновация мәдениетін ілгерілету, ғылыми-зерттеу нәтижелерін арттыру, әлемдік деңгейдегі университеттерді құруға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі