ҚазҰУ Алматы халықаралық әуежайымен бірлесіп болашақта ІТ мамандарын даярлайды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне TAV Airports персонал жөніндегі директоры Хакан Окер арнайы келіп, көшбасшылық дәріс оқыды.
Кездесуге оқу ордасының басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамы, жас ғалымдар, университеттің Ғылыми кеңес мүшелері қатысты.
Көшбасшылық дәрісті университет басшысы Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашып, арнайы шақыртуды қабыл алып, университетке келгені үшін Хакан Окерге ризашылығын жеткізді.
«Хакан Окер – өте білімді, іскер азамат. Технология саласының дамуына айрықша үлес қосып, үлкен жетістіктерге жетті. Қазіргі таңда Алматы халықаралық әуежайын кеңейту жұмыстары жүріп жатыр. Осы жұмыстардың барлығын TAV Airports холдингі атқаруда. Әуежай кеңейетін болса, онда жұмыс істейтін мамандардың саны артатыны анық. Сондықтан алдағы уақытта халықаралық әуежай басшылығымен бірлесіп IT, инженер, техник мамандарын бірлесіп даярлау бойынша келісімдер жүргізетін боламыз», – деді ректор.
Сөз соңында оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев TAV Airports персонал жөніндегі директоры Хакан Окерге Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Құрметті докторы» атағын табыстады.
Құрметті мейман білім ордасының басшылығы мен ұжымына жылы қабылдағаны үшін алғыс білдіре отырып, TAV Airports Holding қызметімен таныстырды. Кездесу барысында дәріскер заманауи еңбек нарығындағы жағдай, білім мен ғылымның өзектілігі, технологияны дамыту бойынша өз тәжірибесімен бөлісті.
«TAV Airports холдингі қазіргі таңда ІТ мамандарына көп көңіл бөлуде. Алматы үшін әуежайды дамытуға бағытталған мәселелер өте маңызды. Өйткені әуежай қаланың әуе қақпасы болып табылады. Мегаполистің болашақта дамуы әуежайдың жағдайына, оның инфрақұрылымына, сервис деңгейі мен ыңғайлылығына тікелей байланысты. Бүгінде халықаралық әуежайда жолаушыларға қызмет көрсететін жаңа терминалдың құрылысы жүріп жатыр. Болашақта жаңа терминалдың іске қосылуы жолаушыларды өткізу қабілетін жылына 7 миллионнан 14 миллионға дейін арттырады және қаланың бүкіл Орталық Азиядағы транспорттық-логистикалық хабы ретіндегі позициясын нығайтады», – деді дәріскер.
Сондай-ақ Хакан Окер Алматы халықаралық әуежайының даму перспективалары туралы айтып, холдингтің болашақтағы жұмыс жоспарын таныстырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі