ҚазҰУ-да 8 Наурызға арналған салтанатты шара өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай, «Жаңа Қазақстан және гендерлік теңдік» атты салтанатты шара өтті.
Кештің көркін ер адамдардан құралған университеттің оқытушылары мен профессорлары, факультет декандары, ректорат қызметкерлері келтіріп, оқу ордасындағы нәзік жандарға мерекелік көңіл күй сыйлады.
ҚазҰУ-дағы әйелдер қауымына ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өз құттықтауын жолдады.
«Бүгінде Қазақстанда 22 мыңнан астам ғалым болса, соның 10 мыңға жуығын әйелдер қауымы құрайды. Сонымен қатар елімізде 47 859 оқытушы-профессорлық құрамы бар десек, соның 31 366-сы – арулар. Халықаралық мерекеде жүздеріңізде бақыттың нұры ойнауын, Ай сәулесінің тәтті түс болып тербеуін, армандарыңыздың бақ гүліне айналуын тілеймін», – делінген құттықтауда.
Салтанатты шарада Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйлеп, әйелдер қауымының жоғары оқу орнындағы және қоғамдағы рөлін айрықша атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгінде әйелдер қауымының отбасындағы, қоғам өміріндегі және мемлекетті жан-жақты дамыту ісіндегі рөлі орасан зор. Мемлекет гендерлік теңдікті сақтауға, әйелдер құқығын қорғауға және отбасы құндылықтарын нығайтуға әрдайым баса мән береді», – деп атап өткен болатын. Сондықтан біз бүгінгі салтанатты жиынды «Жаңа Қазақстан және гендерлік теңдік» деп атап отырмыз. Университетімізде «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әйелдерінің одағы» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Бұл бірлестік әйелдердің қоғамдағы мәртебесін, олардың университеттің саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени өміріндегі рөлін арттыруға жәрдемдеседі.
Әйел-Ана – отбасының ұйытқысы, береке-бірліктің шырақшысы. Ер-азаматтар сіздерді әрдайым құрмет тұтамыз, жақсы көреміз. Мерекелеріңіз құтты болсын, үйлеріңізден қуаныш кетпесін!» – деді ректор.
Сөз соңында ЖОО басшысы Жансейіт Түймебаев университет дамуы мен ғылым саласына сіңірген елеулі еңбегі үшін әйел-оқытушыларды және әйел-ғалымдарды ҚазҰУ-дың «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Құрмет грамотасымен және Алғыс хатпен марапаттады.
Айта кету керек, бүгінде ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлық құрамында 1640 қыз-келіншек жұмыс атқарады. Бұл жалпы ғалымдар санының 65 пайызын құрайды. Оның ішінде 348 ғылым докторы, 527 ғылым кандидаты, 340 PhD докторы, 1 ҚР ҰҒА академигі және Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының 3 корреспондент-мүшесі бар.
Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Кеш барысында оқу ордасының азаматтары өнер көрсетіп, нәзік жандардың құрметіне ән шырқап, ерекше қойылымдар қойды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі