ДӘСТҮРЛІ ҚЫСҚЫ МЕКТЕП ТОКИО УНИВЕРСИТЕТІНЕН КЕЛГЕН ЖАПОН СТУДЕНТТЕРІНЕ ӨЗ ЕСІГІН АЙҚАРА АШТЫ

7 наурыз, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қиыр Шығыс кафедрасының жапонтану бөлімімен шетелдік білімгерлер үшін жыл сайын ұйымдастырылатын қысқы мектебі күншығыс елінен келген жапондық студенттерге өз есігін айқара ашты. Қысқы мектеп бағдарламасы аясында 2024 жылдың 1 наурызынан бастап 11 наурызына дейін университетіміздің серіктесі болып табылатын Жапонияның ең үздік ЖОО-сы Токио университетінің студенттері жапонтану бөлімінің оқытушыларымен ұйымдастырылған қысқы мектеп бағдарламасының негізінде ҚазҰУ-да білім алуда.

Қысқы мектептің мақсаты - екі мемлекет, екі жоғары оқу орны арасындағы байланысты одан әрі нығайту, жапон білімгерлерін өз еліміздің төл мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен және тарихымен таныстыру. Жыл сайын осындай шаралардың арқасында жапондық студенттер білім ордамыз - Қазақ ұлттық университеті жөнінде мол ақпарат игеріп, сондай-ақ еліміз жөнінде де білімдерін арттыруда. Әлбетте, Жапонияға барып білім алып жатқан отандық студенттеріміз өз тараптарынан еліміздің халықаралық аренада танылуына өз үлестерін қосып жатқаны сөзсіз.  

Қысқы мектепте оқу барысында шетелдік студенттер еліміздің тілі, мәдениеті, тарихына қатысты дәрістер тыңдап қана қоймай, жергілікті студенттермен бірге мәдени-танымдық іс-шаралар, дөңгелек үстелдер, студенттік форумдар, жарыстар өткізуде. Сонымен бірге, қысқы мектеп бағдарламасы аясында шетелдік студенттердің жапонтану бөлімнің студенттерімен бірге Алматы қаласындағы Орталық мұражайға, «Көктөбе» демалыс орнына, «Медеу» мұз айдынына, Шарын шатқалына саяхаттап баруы жоспарланған.

                                                                                                                                                                                                                Қиыр Шығыс кафедрасы

Жапонтану бөлімінің меңгерушісі

                                                                                                                                                                                                                 Тазабекова Г.Б.