ҚазҰУ ТДМ тақырыбы бойынша жаңа әлеуметтік жобаларды іске асыруда
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) 17 бағытын жан-жақты іске асыруға арналған әлеуметтік жобалар қатары толықты.
Ұзақ мерзімді бағдарламалар кедейлікті жою, энергия үнемдеу, суды тиімді пайдалану, инклюзивтік өсу, гендерлік теңдік, қоршаған ортаны сақтау мақсатын іске асыруды көздейді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы қыркүйек айында БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі саммитте сөйлеген сөзінде: «Тұрақты даму қағидаттары біздің негізгі ұлттық стратегияларымыз бен бағдарламаларымыздың өзегіне айналды. Бүгінде орнықты болашаққа белсенді түрде инвестиция құйып отырмыз. Мемлекет бюджетінің 80 пайызы тұрақты даму мақсаттарына сай келеді. Біз тегін білім алудың және денсаулық сақтаудың баршаға қолжетімді болуын қамтамасыз етеміз. Жаңа Әлеуметтік кодексте халықтың осал топтарын қорғау шаралары күшейтілді», – деп атап өткен болатын.
Бұған қоса, ҚазҰУ қазіргі таңда БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі «Академиялық ықпал» бағдарламасының жаһандық хабы ретінде белсенді жұмыс жүргізуде.
Әлеуметтік жоба аясында «Зорлық-зомбылыққа қарсымыз» тақырыбында сурет көрмесі, этносаралық «I Love KazNU!» челленджі, тұрақты даму мақсаттарына арналған оқырмандар клубының отырысы, «Көліксіз кампус», «Жасыл әлемдегі бейбітшілік, теңдік, адами құндылықтар» акциясы бастау алады.
Сонымен қатар «Шығарда жарықты сөндіріңіз!», «Суды үнемдейік» «Пластиктерді жина», «Қалашықтағы қолжетімді ас мәзірі» ТikTok байқауы ұйымдастырылады.
Әлеуметтік жобалардың бастамашысы – Стратегиялық даму департаменті, Пан Ги Мун орталығы және халықаралық рейтинг талаптарының орындалуын қадағалаушы жұмыс тобы.
Мұндай жобалар әлемдегі өзекті мәселелерге назар аударуға және шешу жолдарын қарастыруға, әлеуметтік даму мен қоғамдық тұрақтылықты сақтауға үндейді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі