Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Рамазан айында ораза тұтқандарға арнайы дастархан жайылып, ауызашар берілді.
Ауызашар дастарханына зиялы қауым өкілдері, оқу ордасының ақсақалдары мен ардагер ұстаздары, оқытушы-профессорлар құрамы, ғалымдар мен қызметкерлер жиналды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев жиналған қауымды Рамазан айымен құттықтап, ізгі тілегін арнады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Рамазан айы – бүкіл мұсылман қауымының ынтымағы артып, бір-біріне бауырмалдығы айқын көрінетін мезгіл. Мен Қазақстан халқының әрдайым рухани үндестікте өмір сүріп, болашаққа нық қадам басатынына сенемін», – деп атап өткен болатын.
Бұл айда адамзаттың ең асыл құндылықтары – мейірімділік пен жақсылық, ізгілік пен имандылық ерекше дәріптеледі. Бұл құндылықтар біртұтас халқымыздың бірлігін нығайтып, рухани көкжиегімізді кеңейтеді. Рамазан айы бауырмалдыққа, кішіпейілдікке, кешірімді болуға үндейді. Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын!» – деді ректор.
Өз сөзінде ЖОО басшысы ҚазҰУ-дың 90 жылдығы аясында өтетін ауқымды шаралар туралы айтып, болашақтағы жоспарларымен бөлісті.
Айта кетейік, ҚазҰУ қалашығындағы асханалар мен кофеханаларда ораза ұстаған студенттер үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылып, су мен құрма тегін үлестірілуде.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі