ҚазҰУ ректоры Тұрақты даму ғылыми орталығын аралады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев география және табиғатты пайдалану факультетіндегі Тұрақты даму және табиғатты тиімді пайдалану ғылыми орталығының ашылуға дайындық барысын тексерді.
ҚазҰУ ректоры ғылыми-зерттеу орталықтарының басшыларымен бірге жаңа орталық базасында ашылғалы жатқан ғылыми зертханаларды аралап көріп, жұмысымен танысты.
Тұрақты даму мақсаттарының түрлі бағытын іске асыратын зертханалар климат және модельдеу, сандық картография және қолданбалы геодезия, су ресурстарының сапасын талдау бағыттары бойынша жұмыс істейтін болады.
Сонымен қатар жаңа зертханалар тұрақты туризмді дамытуға, геоақпараттық талдауға, геодемографиялық және әлеуметтік-экономикалық зерттеуге, топырақ экологиясын, қоршаған ортаны бақылауға, экологиялық қауіпсіздік салаларына қатысты тың зерттеулер жүргізуге және университеттің ғылыми әлеуетін көтеруге жол ашады.
ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев университет ғалымдарымен пікірлесіп, жаңа зертханалардың әлеуетін пайдалана отырып, патенті алынған үздік ғылыми жобаларды нарыққа шығару жұмыстарын жеделдету, шетелдік ғылыми-зерттеу институттарымен және орталықтармен, зертханалармен тығыз қарым-қатынасты дамыту, бірлесіп ғылыми жобаларды жүзеге асыруды тапсырды.
Зертханалар заманауи, еркін форматта жасақталып, соңғы үлгідегі инновациялық технологиялармен, қуатты компьютерлермен, смарт-құрылғылармен, сынама алатын қондырғылармен жабдықталады. Зертханалармен қатар, аудиториялар да жаңартылып, оқытушы-профессорлардың ғылыммен айналысуына, білім алушы жастардың емін-еркін сабақ оқуларына жағдай жасалынады.
Айта кетсек, жуырда ҚазҰУ ғалымдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінен мегагрант жеңіп алған болатын. Грант сомасы 3,8 млрд теңгені құрайды. Бұл жоба Батыс Қазақстан өңіріндегі экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған. Жоба үш жыл ішінде жүзеге асырылады.
ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетіндегі ғылыми зертханалар аталған мегажоба аясында жасақталды. Зертхананы заманауи құрылғылармен жабдықтауға қосымша демеушілер де қолдау көрсетуде.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі