ТДМ 7. "Арзан және таза энергия" тақырыбындағы іс-шара

13 наурыз, 2024

28.02.2024 ж., № 125 топ «Электроэнергетика» мамандығының студенттерімен  «Рухани жаңғыру» жобасының аясында «Қымбат емес және таза энергия» атты  іс шарасы  өткізілді.

Бұл іс шарада  2015 жылы 25 қыркүйекте БҰҰ кіретін 193 елдің қабылдаған 17 тұрақты даму мақсаттары талқыланып, соның ішінде «Қымбат емес және таза энергия» тақырыбы қарастырылды. Iс шараға ПФН және КФ кафедрасының аға оқытушылары Абдиева Ш.А., Төлеміс М.Т. қатысты. Оқытушылар, тұрақты энергетиканың экономиканы нығайту, экожүйелерді қорғау және әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізу үшін маңыздылығы туралы ой қозғады.

Iс шара барысында жетінші мақсаттың энергетикалық кедейлік, энергетикалық ресурстардың экономикалық қолжетімділігі мәселелерін шешуге, энергетиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталғандығы сөз етілді.

 Таза энергия –  жер бетінде жинақталған ресурстарды, мысалы, көмірді немесе газды тұтынбайтын жаңартылатын энергия екендігі қарастырылып, таза энергияны пайдалану климаттың өзгеруіне қарсы күрестің ажырамас бөлігі болып табылатындығы айтылды. Парниктік газдардың көпшілігі энергия өндіруден, яғни электр және жылу энергиясын өндіру үшін қазба отындарын (мұнай, көмір және газ) жағудан келетіндігі қарастырылды.

Iс шара барысында әрбір таза энергия көздері қарастырылып, олардың еліміздегі даму қарқыны келтірілді.

Студенттер, еліміздің жарқын болашағы үшін, кіршіксіз экология үшін таза энергия көзіне көшу керектігіне көз жеткізіп, болашақта осы бағыттың дамуына ат салысатындықтарын айқындады.

Студенттер іс шара барысында өздерінің болашақ мамандықтары - Электроэнергетиканың алдына қойған мақсаттары мен болашағы туралы ой түйіндеді.