ҚазҰУ-да математиканың заманауи трендтері талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығына және ғалым-математик Жасұлан Садықовтың 85 жылдығына арналған «Цифрлық трансформация дәуіріндегі математиканың заманауи даму тенденциялары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
Іс-шараға белгілі қазақстандық және шетелдік ғалымдар, математика бойынша атақты сарапшылар, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер жиналды.
Отырысты жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің деканы, заң ғылымының кандидаты, доцент Спатай Сартаев ашты. Декан отандық ғылымның дамуына айрықша үлес қосқан белгілі ғалым Жасұлан Садықұлының сіңірген еңбегін атап өтті. Спатай Алтынбекұлы конференция мазмұнының өзектілігін айтып, цифрландыру дәуірінде математиканы дамытуда жаңа кезең басталғанын жеткізді.
Өз кезегінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Ақпараттық және есептеу технологиялары институты бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары Өркен Мамырбаев «Жасанды интеллект» тақырыбында баяндама жасады.
Пленарлық отырыста педагогика ғылымының кандидаты Айгүл Садықова, ҚазҰУ-дың математика-механика факультетінің түлегі Айжан Шанкибаева, техника ғылымдарының докторы, Мұхаммед әл-Хорезми атындағы Ташкент ақпараттық технологиялар университетінің профессоры Фахриддин Нұралиев, физика-математика ғылымдарының кандидаты, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры Құралай Есмаханова сөз сөйлеп, Жасұлан Садықұлының жасаған ғылыми жұмыстарының маңыздылығына тоқталды.
Конференция жұмысы секцияларда жалғасты. Қатысушылар заманауи цифрлық трансформация дәуірінде математиканы дамытудың өзекті мәселелерін талқылап, өз ұсыныстарын ортаға салды.
Конференция ұйымдастырушысы жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасы болды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі