ҚазҰУ студенттері «Farabi Project Challenge 2024» байқауында жеңіске жетті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері «Digital Farabi 2024» халықаралық цифрлық форумы аясында өткен «Farabi Project Challenge 2024» инновациялық жобасының байқауында жеңіске жетті.
Байқаудың мақсаты – студенттердің шығармашылық қабілеттерін және ақпараттық технологиялар саласындағы білімге деген ынтасын дамыту, зерттеу қызметі мен оқуға деген қызығушылығын арттыру, сондай-ақ дарынды жас ғалымдарды анықтау және қолдау.
Техника ғылымдарының кандидаты, Информатика кафедрасының доценті Тимур Иманқұловтың пікірінше, мұндай жарыстар ел жастарының зияткерлік әлеуетін қалыптастыруды қолдаудың қызықты тәсілі. Екі кезеңнен өткен байқауға ҚазҰУ студенттерінің сегіз командасы қатысты. Студент Дидар Молдахметовтің айтуынша, байқау тақырыптары күрделі және қызықты болды, талдау мен жауаптарға көп уақыт қажет болды. Студенттер төрт тақырып бойынша тапсырмаларды орындады. Олардың біріншісі – «Туристік маршруттарды бақылаудың интеллектуалды ақпараттық жүйесі». Онда байқауға қатысушылар камералық жазбалардан бірегей адамдарды танып, олардың жүріп өткен жол картасын сызу керек болды. Екінші кезеңде студенттер бірегей адамдардың ұзақ уақыт бойы камералық жазбаларда көрінбеген кезде бар маршруттардағы адамдар арасындағы бірегей адамдармен ұқсастық жағдайларын анықтады.
Екінші және үшінші тақырып: «Жекелендірілген оқу нұсқауларына арналған ЖИ қосымшасын әзірлеу», «Қоғамдық көлік кестелерін оңтайландыруға арналған жасанды интеллект (ЖИ)» болды.
Қазылар алқасы «Терең нейрондық желілерді қолдана отырып, стеганография әдістерін жіктеу моделін әзірлеу» (төртінші тақырып) бойынша студенттердің жасаған жұмысының нәтижелерін қарастырып, ондағы талдауды, визуалдау және деректерді өңдеуді, терең нейрондық желілер негізінде жіктеуішті оқытуды бағалады.
Байқауға қатысушылар сегізден астам қызықты жоба әзірледі. Студенттер өз жобаларының нәтижелерін білікті қазылар алқасының алдында қорғады.
«Farabi Project Challenge 2024» байқауының II кезеңінің (финалының) қорытындысы бойынша 1-орын Samson Dawit командасына берілді, 2-орынды Нұртуған Азатбекұлы, Серік Айбағаров, Ерсұлтан Аманбай және 3-орынды Аида Бегайдарова мен Дидар Молдахметов иеленді. 1-орын үшін конкурстың жүлде қоры – 150 000 теңге және ноутбук, 2-орын – 100 000 теңге және 3-орын 75 000 теңгені құрады.
Іс-шара соңында ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Тұрар Олжас жеңімпаз студенттерді құттықтап, ASUS Education және Bugin Holding демеушілеріне алғысын білдірді. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының студенттеріне бағыттап, осындай жарыстарды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі