Қытайдың "жұмсақ күш" саясатының трансформациясы атты ғылыми семинар өтті
2024 жылдың 12 наурыз күні "Қытайдың "жұмсақ күш" саясатының трансформациясы" атты ғылыми семинар өтті. Семинарға қытайтану кафедрасының оқытушылары, докторанттар мен магистранттар және студенттер қатысты. Семинар барысында қытайтану кафедрасының доцент м.а. Керімбаев Ержан Әбдірайымұлы Қытайдың жаһандану жағдайында әлемдік мәдени ықпалдастыққа белсенді қатысуы, оның халықаралық деңгейде жүргізіп отырған қытай тілі мен мәдениетін әлемге тарату саясаты туралы баяндады. Сондай-ақ, ол Қытайдың дүние жүзінің көптеген елдерінде құрып жатқан Конфуций институттарының мәніне тоқталып, оның қытай тілі мен мәдениетін әлемге таратудағы стратегиялық маңызын сараптады. Қытай тілі мен мәдениетінің әлемге тез таралуын Қытайдың әлеуметтік экономикасының дамуы және халықаралық қатынастардағы маңызының артуымен байланыстырып түсіндірді. Конфуций институттарының тек қытай тілі мен мәдениетін таратушы ғана емес, сонымен қатар қытай дипломатиясының «жұмсақ күш» миссиясын атқарып отырғанын, әлемде «қытай қаупі» күдігін сейілтіп, Қытайдың жаңа жағымды бейнесін қалыптастыруда атқарып отырған рөлі жайлы жан - жақты талқыланып, сауалдар қойылды.