ҚазҰУ-да ТДМ бағыты бойынша «Энергияны үнемдейік» акциясы басталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттер арасында «Энергияны үнемдейміз» әлеуметтік роликтер байқауы басталды. Жоба аясында энергияны үнемдеуге үндейтін Tik-Tok форматтағы үздік туындылар сарапқа салынады.
Бұл акция ҚазҰУ-дағы Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) 17 бағытын жан-жақты іске асыруға арналған әлеуметтік шара аясында жүзеге асып отыр.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі саммитте сөйлеген сөзінде: «Біз БҰҰ-ның басшылығымен техникалық қолдау, ғылыми зерттеулер және қауіп-қатерлерді бағалау салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға тиіспіз. Орнықты даму саласындағы мақсаттар бәріміз үшін жарқын әлемге жол ашады. Біз бірігуіміз және күш-жігерімізді арттыруымыз қажет. Қазақстан БҰҰ-ның орнықты даму саласындағы тегеурінді әрі тиімді рөлін әрдайым жақтайды», – деп атап өткен болатын.
«Энергияны үнемдейміз» акциясы аясында оқу ордасында іс-шаралар өткізіліп, TikTok желісіне түрлі видеоконтенттер түсіріліп, челлендждер мен флешмобтар өтеді. Бұл бастама электр энергиясын үнемдеу және басқа да ғаламшар ресурстарын тиімді пайдалану қажеттігін еске салады.
Әлеуметтік жобалардың бастамашысы – Стратегиялық даму департаменті, Пан Ги Мун орталығы және халықаралық рейтинг талаптарының орындалуын қадағалаушы жұмыс тобы.
Айта кетейік, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ТДМ 17 тақырыбына арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Олар нәтижеге қол жеткізуге және оқытушы-профессорлық құрам мен студенттер арасындағы тұрақты даму мақсаттарының қажеттілігі мен маңыздылығын насихаттауға бағытталған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі