ҚазҰУ ғалымы –Ұлттық құрылтай құрамында

18 наурыз, 2024

ХХІ ғасыр университетіне жүктеліп отырған гуманитарлық миссиялардың бірі – ақыл-ой орталықтарын қалыптастыру жұмысын жүргізу және заманауи сараптамалық-талдау қызметін жетілдіру. Бұл екеуі де атүсті қолға алынатын шаруа емес. Жауапкершілігі жоғары, сондықтан барынша ізденісті талап етеді. Осы орайда, ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлары бүгінгі күннің өзекті мәселелерін талқылап-саралауға ұдайы қатысып, қоғамдағы қандай да бір түйіннің шешу жолдарын ұсынып келеді. «Бүгінде ғылымның қай саласында болсын кәсіби сараптамалық этос толықтай қалыптасты», – дейді Философия кафедрасының меңгерушісі Әсет Құранбек.

«Qazaq unıversıtetı» газеті өз оқыр­ман­дарына жағымды жаңалықты жет­кізгісі келеді. Қара шаңырақ универ­си­тетіміздің 90 жылдығы қарсаңында Философия кафедрасының аға оқы­тушысы, заң ғылымының кандидаты Қазыбек Нұрсейітұлы Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президенті жанындағы Ұлт­тық құрылтай құрамына мүшелікке қабылданды.

Ұлттық құрылтай – қоғамдық бірігуді одан әрі дамыту жөніндегі идеялар мен қадамдарды тұжырымдайтын консуль­та­тивтік-кеңесші орган. Аз уақыт ішінде ел өміріне қажетті заңдар мен саяси ре­формалардың бес түрлі пакетін қа­былдауға мұрындық болды. Жаңа Қазақ­станның демократиялық баста­ма­ларын талқылайтын ықпалды қоғам­дық-саяси алаңға айналуда.

Қазыбек Дәуітәлиев бүгінде Алматы облыстық қоғамдық кеңесінің Ішкі саясат, тілдерді дамыту, ономастика, спорт, мәдениет, жастар саясаты, ұлт­аралық және діни қатынастар мә­селелері жөніндегі комиссия төрағасы бо­лып қоғамдық жұмыс атқарады. Қоғам өміріне қажетті заңдарды әзірлеуде қомақты үлес қосып жүрген жас ғалым. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың конституциялық реформалары аясында «Конс­ти­ту­ция­лық сот туралы» конституциялық заңды әзірлеу тобында жұмыс істеді. «Қо­ғам­дық бақылау туралы» Қазақстан Рес­пуб­ликасы заңының жобасын әзірлеу жұмыстарына белсене қатысты. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму минис­тр­лігіне қарасты Азаматтық баста­ма­ларды қолдау орталығының тұрақты сарапшысы ретінде үкіметтік емес ұйымдардың дамуына да үлес қосуда.

Ұлттық құрылтайдың құрамына уни­верситетіміздің оқытушы-профессор­лары мен ғалымдарының енуі лайықты әрі оң құбылыс. Бұл үрдіс жалғасын та­бады деген сенімдеміз және Қазыбек Нұрсейітұлының жұмысына табыс тілейміз.

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ