ҚазҰУ-дағы СБПУ филиалы озық техникалық білім алуға мүмкіндік береді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы 2023 жылдың қазан айынан бастап жұмыс істейді.
ҚазҰУ базасында көрші мемлекеттің көшбасшы жоғары оқу орнының филиалын ашу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылы Қытайға ресми сапары нәтижесінде іске асырылған болатын.
Бұл халықаралық бастама техник мамандарды даярлауға, студенттер мен оқытушылар алмасуға, ортақ зертханалар ашып, білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда филиалда материалтану және инженерия, электроника және коммуникациялық технологиялар, компьютерлік ғылымдар сынды білім беру бағдарламасы бойынша магистранттар білім алуда.
«Филиал ашылып, магистранттар қабылданғаннан кейін оқу процесі бойынша жұмыстар басталды. Жасалған келісім бойынша, магистранттар алғашқы жылы ҚазҰУ-да білім алады. Екінші жылы Қытайда СБПУ-де магистрлік диссертация тақырыбына сәйкес, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын болады. Сондай-ақ филиал түлектері қосдипломдық бағдарлама аясында ҚазҰУ мен СБПУ дипломын ала алады. Екі университет дипломы да әлемдік стандартқа сәйкес. Сондықтан филиалды бітіріп шыққан түлектер әлемнің кез келген елінде жұмыс істей алады деп сенімді түрде айтуға болады», – дейді ҚазҰУ физика-техникалық факультетінің деканы Нұрзада Бейсен.
Филиалда студенттерге ҚазҰУ профессорларынан бөлек, Солтүстік-батыс политехникалық университетінен келген оқытушылар дәріс беруде. Алдағы уақытта Қытай тарапынан тағы да сегіз оқытушы келмек. Бұдан бөлек, қазіргі таңда білім алушы жастар оқу процесімен қатар, қытай тілін меңгеріп жатыр.
Айта кетейік, Солтүстік-батыс политехникалық университеті – техник мамандарды даярлауда Қытайдағы көшбасшы жоғары оқу орындарының бірі. Университет Сиань қаласында орналасқан. Онда 40 мыңға жуық студент оқиды. Оқу ордасы әлемдік рейтингтерде үздік университеттер қатарында. ҚазҰУ-да ашылған филиал – Солтүстік-батыс политехникалық университетінің шетелдегі алғашқы филиалы. Беделді оқу ордасынан физикадан Ли Чжэндао мен химия саласында Харольд Крото Уолтер сияқты Нобель сыйлығының лауреаттары шыққан.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі