ҚазҰУ-да ТДМ-ның құқықтық бағыттары талқыланды

20 наурыз, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы ТДМ мақсаттарын талдауға арналған кездесу өткізді.

Мамандар мен білім алушы жастар БҰҰ-ның 16-Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру аясында «Бейбітшілік, сот төрелігі және тиімді институттар» тақырыбында пікір алмасты.

Жиынның мақсаты - БҰҰ-ның құқықтық бағыттағы жұмыстарын ауқымды аудиторияға, әсіресе жастар арасында кеңінен насихаттау, тұрақты даму мақсаттарын іске асыру арқылы бейбітшілік пен әділеттіліктің дамуына ықпал ету.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі саммитінде сөйлеген сөзінде «ТДМ қағидаттары біздің негізгі ұлттық стратегияларымыз бен бағдарламаларымыздың өзегіне айналды. Бүгінде орнықты болашаққа белсенді түрде инвестиция құйып отырмыз.» - деп атап өткен болатын,

Іс-шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінің Мемлекет және құқық, конституциялық және әкімшілік құқық теориясы мен тарихы кафедрасының меңгерушісі Қарлығаш Үсейінова ашып, тұрақты даму мақсаттарын іске асырудағы құқықтық білім мен тәжірибенің айрықша ролін атап өтті.

Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институтының директоры Исаева Жансая Сәкенқызы жаһандық бейбітшілік пен әділеттілікке қол жеткізу үшін құқықтық институттарды дамытудың маңыздылығына тоқталды.

Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының профессоры Еркеш Қалиұлы Нұрпейісов «Қазақстандағы Конституционализм» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.

Кездесу барысында студенттерге ТДМ-16 мақсатын тиімді іске асыру бағыттары мен әділетті және тұрақты қоғам құруға бағытталған конституционализм тұжырымдамаларын іс жүзінде қолдану жолдары түсіндірілді.

Спикерлер мен қатысушылар өзара пікір алмасып, тұрақты даму мақсаттарын іске асырудың құқықтық бағыттарын талқылады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі