ҚХР Солтүстік-батыс политехникалық университетінде ҚазҰУ күні өтеді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Сиань қаласына жұмыс сапары барысында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің президенті Сун Баовеймен кездесу өткізді.
Жүздесуде тараптар серіктестікті арттыру және ҚазҰУ базасындағы СБПУ филиалының жұмысын одан әрі дамыту бойынша өзара пікір алмасты.
Кездесу барысында Солтүстік-батыс политехникалық университетінің президенті Сун Баовей ҚазҰУ-дағы СБПУ филиалы Қытайдың Қазақстанда ашылған алғашқы филиалы екенін атап өтті. Сонымен қатар өз сөзінде оқу ордасының президенті ҚазҰУ-мен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған барлық бастамаларды қолдайтынын жеткізді.
Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев ілтипат білдіргені үшін Сун Баовей мырзаға ризашылығын жеткізіп, филиалдағы білім беру бағдарламаларын жетілдіру, білікті техник мамандарды даярлау, оқытушылардың өзара тәжірибе алмасуын жүзеге асыру жөнінде бірқатар ұсынысын айтты.
Кездесу қорытындысы нәтижесінде тараптар 2024 жылы қабылданатын магистранттар санын 60-қа, докторанттар санын 15-ке жеткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ ағымдағы жылы ортақ халықаралық ғылыми конференция өткізуге, бірлесіп ғылыми жұмыстар жинағын «Қазақ университеті» баспасынан шығаруға, ғылыми зертхана құруға уағдаласты. Тараптар кездесу барысында алдағы уақытта ғылым, спорт, мәдениет, өнер бағытында ҚазҰУ-да СБПУ күнін өткізуге және СБПУ-да ҚазҰУ күнін өткізуге келісті.
Сонымен қатар ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев бастаған делегация СБПУ хатшысы Ли Яньронгпен жүздесіп, Солтүстік-батыс политехникалық университетінің ғылыми инфрақұрылымымен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі