Наурыз айының 20 жұлдызында Қазақстанда Ұлттық спорт күні-Наурыз мейрамының он күндігіне байланысты биыл бірінші рет атап өтілді. Осыған орай картография және геоинформатика кафедрасының табиғи-техногендік қауіп-қатер мамандығының 3 курс студенттері ашық тәрбие сағатын өткізді.
Ұлттық спорт түрлері мәдени мұраны сақтауға, жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін күшейтуге ықпал етеді. Бұл мереке біз үшін бірліктің символына айналып, әр азаматтың өз елі үшін мақтанып, адами-рухани қасиеттерді дамытуына мүмкіндік береді. Бұл күні барлық өңірлерде ұлттық спорт түрлерінен түрлі жарыстар мен турнирлер өткізіледі. Ат жарыстарын (бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу) және құсбегілік жарыстарын, сондай-ақ түрлі турнирлерді (тоғызқұмалақ, асық ату, садақ тарту) өткізу қазақстандықтардың жалпыға ортақ мерекені сезініп, төл дәстүрлерімізді жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде дәстүрлі спорт түрлеріне деген ықылас ел ішінде ғана емес, шетелде де артып келеді. Бұл да заңдылық, себебі атқа отырып, құс салып, садақ тартқанда, біз ата-бабаларымыздың даналығы мен сұлулығын паш ететін мәдени құбылыс тудырамыз. Бүгінгі күні Наурыздың арқасында ұлттық спорт түрлерінің бәрі дерлік қайта жаңғырып, тән мен жан үйлесімін сақтау үшін қажетті салауатты өмір сүру салтына көшуге мүмкіндік беріп отыр.
Екінші жағынан, Наурызнаманың бір күнін ұлттық спорт тақырыбына арнау – бізде ғаламдық деңгейде мақтан тұтатын мұра бар екенін түйсініп, мықты рух пен ерік-жігер тұрғысынан үлгі тұтатын бабаларымызды еске түсіруге себеп.