ҚазҰУ-да ТДМ мақсаттарына арналған кітап көрмесі өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына арналған кітап көрмесі өтті. Көрмеге ҚазҰУ оқытушы-профессорларының ТДМ-ның 17 бағытын қамтыған 300 кітабы қойылды.
Көрмені ҚазҰУ Заң факультетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы мен Әл-Фараби кітапханасы жанындағы Farabi оқырмандар клубы бірлесіп ұйымдастырды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», - деп атап өткен болатын.
Бүгінгі таңда әртүрлі елдердегі тұрақты даму мақсаттарына арналған кітап клубтары БҰҰ-ның бұл бағыттағы жұмыстарын ауқымды аудиторияға, әсіресе жастар арасында кеңінен насихаттауда маңызды рөл атқарады.
Бұл бастамалар ТДМ-ға назар аудару, әлемнің сын-қатерлерін қабылдауға дайын және тұрақты дамуға ұмтылатын көшбасшылардың жаңа буынын тәрбиелеу бағытындағы маңызды қадамдар болып табылады.
Іс-шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, заң факультетінің Мемлекет және құқық, конституциялық және әкімшілік құқық теориясы мен тарихы кафедрасының меңгерушісі Қарлығаш Үсейінова, Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институтының директоры Жансая Исаева, ҚазҰУ-дың Әл-Фараби кітапханасы директорының міндетін атқарушы Жадыра Айдынғалиқызы қатысып, көрменің маңыздылығын атап өтті.
Көрменің мақсаты - жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру, тұрақты даму мақсаттарын іске асыру мақсатында білім мен тәжірибелерін шыңдау.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі