ЖЕТЕКШІ УНИВЕРСИТЕТ ЖЫЛНАМАСЫ

25 қаңтар, 2024

Университеттің 90 жылдығымен тұспа-тұс қара шаңырақтың бүкіл тарихын тасқа басып, білім алушылар мен оқытушыларға, ғылыми қызметкерлерге түрлі саладағы тың ақпарат, мақала жариялауға мүмкіндік берген «Qazaq universiteti» газетіне 75 жыл толды.

Оқу орнының 90 жылдық мерейтойы аясында «Qazaq universiteti» газетінің 75 жылдығына арналған «Жетекші университет жылнамасы» жинағы жарыққа шықты. Кітапта негізінен осы басылымда жарияланған ректорлар мен ұстаз-ғалымдар, студенттер материалдарының архивтік түпнұсқалары мен фотосурет шежіресі берілген. Еңбекте оқу ордасының түп тарихы, қызу тірлігімен астасып жатқан бүкіл жылнама қамтылды. Әсіресе соңғы жылдары қолға алынған инновациялық жобалар көрініс тапты. Көшбасшылық дәріс оқыған белгілі тұлғалардың өзекті тақырыптарға арналған мазмұны терең әңгімелері де кітаптан ойып тұрып орын алды. Оқу ордасының қарқынды құрылысы, жатақханалардағы күрделі жөндеу жұмыстары да сырт қалған жоқ. Бұған қоса, кітап бетінде университет ардагерлері өткен күндерді еске алып, сыр шертіседі. Сондай-ақ оқу орнының бастапқы қадамына куә болған майталман оқытушылардың білім ордасы жайында, газет редакторларының басылым туралы естеліктері жарияланды.