Халықаралық білім байқауының жүлдегері
География және табиғатты пайдалану факультетінің 1-курс студенті Ұлпан Көрпебаева Волгоград басқару институтының Лингвистика және мәдениетаралық коммуникация кафедрасы ұйымдастырған «Ағылшын тіліндегі ең үздік айтылым» бойынша халықаралық фонетикалық байқауға онлайн қатысты.
Ұлпан Қайдарқызына халықаралық фонетикалық байқауында жетекшілік жасаған – филология факультеті Шет тілі кафедрасының оқытушысы Раушан Наурызбайқызы. Ұ.Көрпебаева Қарағанды қаласындағы жалпы білім беретін №17 мектепті өткен жылы үздік бітірген. Аталған байқауға түрлі қалалардан 64 студент пен 32 оқушы қатысып, білім деңгейлерімен онлайн сайысқа түсті. Қатысушы студенттер мен оқушылар қазылар алқасының сараптамалық бағасына ағылшынтілді авторлардың шығармаларынан өлеңдерді мәнерлеп оқу және прозалық үзінділерді жатқа оқу видеожазбаларын ұсынған. Ұ.Көрпебаева фонетикалық байқауға музыкалық сүйемелдеу арқылы ағылшын тіліндегі Life, Charlotte Bronte шығармасынан үзіндіні мәнерлеп оқыған видеожазбасын сараптамашыларға ұсынды.
Оқу тобымыздың студенті аталған халықаралық білім байқауында ерекше қабілетімен көзге түсіп, жүлделі 3-орын сертификатын иеленіп, жетекшісі Раушан Наурызбайқызы Алғыс хатпен марапатталды. Халықаралық студенттер арасынан жүлделі орын алуы Ұ.Көрпебаеваның мектептегі және университеттегі ағылшын тілі пәні ұстаздарының айрықша еңбегі деп санап, барлық білім берген ұстаздарына алғыс айтамыз. Ал Ұлпанды халықаралық жүлдесімен құттықтап, білім шыңын бағындыру белестерінде әрқашан сәттілік тілейміз!
Өкетай САҒЫМБАЙ,
«Жерге орналастыру»
оқу тобының
куратор-эдвайзері