Психологиялық ғылым терминдерін қалыптастырушы

26 ақпан, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да универси­тет­тің 90 жылдығы аясында мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, академик Төлеген Тәжібаевтың ғылыми мұрасын зерттеуге арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конфе­ренция өтті.

«Қазақстанның ғылым және білім беру жүйесі: даму жол­дары мен перс­пективалары» тақырыбында өткен конферен­ция аясында Т.Тәжібаевтың ғы­лыми еңбектерінің көрмесі ұйымдастырылып, ғалымның өмірі мен қызметі туралы фильм көрсетілді.

«Төлеген Тәжібаев 1947 жыл­дан 1953 жылға дейін С.Ки­ров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры қыз­ме­тін атқарды (қазіргі ҚазҰУ). Ғылыми жұмыс пен мемле­кет­тік қызметті ұштастырып, ел­дің дамуына зор үлес қосты. Пе­да­гогика, психология сала­сын­да іргелі зерттеулер жүр­гі­зіп, ізбасар шәкірттер тәрбие­леді. Қазақ тіліндегі пси­хологиялық ғылым термин­де­рінің қалып­та­суына елеулі үлес қосып, өзінің ғылыми мектебін қалып­тас­тыр­ды», – деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев.

Ғылыми басқосуда Үндіс­тан­ның Қазақстандағы елшісі Свапнил Шарад Котхаваде, ҚР Президенті жанындағы Мем­ле­кеттік басқару акаде­мия­сының директоры Зулфухар Гаипов және т.б. сөз сөйледі.

Конференция барысында көрнекті ғалым, ҚазҰУ ардагері Жолмұхан Түрікпенұлы мен ҚазҰУ профессоры Алмасбек Мәу­леновтің академик Төлеген Тәжібаев туралы жазған «Заң­ғар тұлға» атты кітабының тұ­сау­кесері өтті.

Гүл Құттыбекқызы