Ғалым құрметіне халықаралық симпозиум өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың ардагер оқытушысы, биология ғылымының докторы, профессор Анатолий Иващенконы қабылдады.
Кездесуде университет басшысы ғалымды 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.
Жансейіт Түймебаев өз сөзінде: «Сіз ҚазҰУ-да университеттік ғылымды дамытуға елеулі үлес қосып, көптеген шәкірттер тәрбиеледіңіз. Оқу ордасында ұзақ жылдар бойы абыройлы қызмет атқарып, 300-ден астам ғылыми еңбек жаздыңыз. Солардың ішінде 70-ке жуығы шетелдерде жарық көрді. Сонымен қатар бір монография мен бірқатар оқу-әдістемелік құралдың авторысыз. Сіздің іргелі зерттеулеріңіз бен академиялық жетістіктеріңіз білікті мамандарды даярлауда ғана емес, отандық биология саласын дамытуда да ерекше орын алады», – деп жылы лебізін білдірді.
Сөз соңында ректор университеттің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалымды «Әл-Фараби» Алтын медалімен марапаттады.
Өз кезегінде профессор Анатолий Иващенко ҚазҰУ басшысына ризашылығын жеткізді.
Айта кетейік, кездесуден соң, Фараби кітапханасында биология ғылымының докторы, профессор Анатолий Тимофеевич Иващенконың 80 жылдығына орай, «Биология және медицинадағы нанотехнологиялар» тақырыбында халықаралық симпозиум өтті.
Нұрсұлтан Базарбайұлы