Әскери журналистика мәселелері талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ардагер оқытушы, профессор, Құрметті ғылым қызметкері, Ресей Жаратылыстану академиясының академигі Ләйла Ахметовамен кездесті.
Жүздесуде тараптар журналистика саласындағы, соның ішінде әскери журналистиканың түйткілді мәселелерін талқылап, дамыту жолын қарастырды.
Кездесу барысында Ләйла Сейсембекқызы университет ректоры Жансейіт Түймебаевқа білікті журналистерді даярлау бойынша оқу ордасында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.
Өз кезегінде ҚазҰУ басшысы университеттегі табанды еңбегі үшін және отандық әскери журналистиканың дамуына өлшеусіз үлес қосқаны үшін құрметті профессорға алғысын жеткізді. Сондай-ақ өз сөзінде ректор Ләйла Ахметованы 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.
«Сіз отандық журналистика саласына бірнеше буын шәкірттерді тәрбиелеген өнегелі оқытушы, білікті ғалымсыз.
Университетіміздің ардагер ұстазы ретінде елу жылдан астам уақыттан бері қара шаңырақ ҚазҰУ-да жемісті еңбек етіп келесіз. Әскери журналистика саласында іргелі зерттеулер жүргізіп, ғылыми-публицистикалық мақалалар жазып, мазмұнды монографиялар шығардыңыз. Екінші дүниежүзілік соғыс тарихына қатысты тың деректер жинап, қазақстандықтардың майдандағы ерлігін паш еттіңіз. Бүгінге дейін қол жеткізген табыстарыңыз халықаралық ғылыми қауымдастықта мойындалып, беделді марапаттарға ие болдыңыз. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Құрметті ғылым қызметкері, Ресей Жаратылыстану академиясының академигі, Еуразиялық телевизия және радио академиясының академигі атандыңыз. Сіздің нәтижелі еңбектеріңіз бен жеткен жетістіктеріңіз білім алушы жастарға үлгі-өнеге. Университет өзіңіздей зерделі ғалымдарын мақтан тұтады», – деді ректор.
Сөз соңында Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-ға сіңірген еңбегі үшін көрнекті ұстаз-ғалым Ләйла Сейсембекқызын «Әл-Фараби» Күміс медалімен марапаттады.