Орталық өндірістік қаптамалар әзірлейді

15 қаңтар, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 90 жылдық мерейтойы қарсаңында химия және химиялық технология факультетінде Ғылым қорының қаржылық қолдауымен машина жасау және құрал жасау қажеттіліктеріне арналған  металл бұйымдарын өңдеу инновациялық ғылыми-өндірістік Chemical Coating Innovations орталығы ашылды.

Бір айта кетерлігі, жобаны өнеркәсіп секторының нақты сұранысына негіздей отырып жүзеге асыру көзделген. Анығында, теміржол саласының алпауыты саналатын француздық ALSTOM компаниясының технологиясы бойынша теміржол автоматикасын шығаратын «ҚазЭлектроПривод» БК ЖШС машина жасау зауыты халықаралық стандарттарға сәйкес қапталатын қорғау қаптамасын алу технологиялары мен қызметтерін қажет етті. Ал Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да электрхимиялық технологиялардың тұтас жүйесі әзірленген, осыған орай, аталған жоба қолға алынды. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта түрлі мақсаттағы электролиттік қаптамаларды алу технологиялары коммерцияландыруға ұсынылмақшы. Олардың ішінде:

композиттік қаптамалар: тозуға төзімділіктің жоғарылауы мен антикоррозиялық қасиеті бар (тұзды тұман камерасындағы тұрақтылық – 1000 сағатқа дейін).

ыстыққа төзімді қаптамалар, құймалар негізіндегі коэрцитивті қаптамалар: реактивті қозғалтқыштар немесе өнеркәсіптік пештер сияқты жоғары температуралы орталарда орналасқан компоненттерді қорғау; магниттік қасиеттер маңызды саналатын қолданбаға арналған.

дәстүрлі металл қаптамалар (Zn, Ni, Cu, Au, Ag және т.б.): жақсартылған сыртқы түрі, жоғары өткізгіштігін, коррозиядан қорғауды және т.б. қамтамасыз етеді. Олар зергерлік бұйымдарды шығару процесінен бастап, электроника мен құрылыс өндірісіне дейін негізгі рөл атқарады.

Тағы бір айта кететіні, бұлардың сондай-ақ конверсионды, полимерлі және т.б. химиялық қаптамаларды қаптау әзірлемелері бар.

Chemical Coating Innovations ҒӨО-ның негізгі қызмет түрлері:

Түрлі қаптамаларды қаптау бойынша қызмет көрсету.

Металдарды өңдеудің жаңа технологиясын әзірлеу.

Гальваникалық (электрхимиялық) өндірістің технологі және операторы құзыреттерін меңгеру бойынша оқу орталығының қызметін пайдалану.

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ