ҚазҰУ-дың инновациялық стартап-жобалары таныстырылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары Digital Almaty 2024 VI цифрлық форумына қатысып, инновациялық стартап-жобаларын таныстырды.
Халықаралық цифрлық форумға ШЫҰ және ЕАЭО елдерінің мемлекет қайраткерлері, жетекші сарапшылары мен ғалымдары, кәсіпкерлері қатысуда.
Сала мамандары цифрлық индустрияның жаңа дәуірін қалыптастыруға бағытталған тың тәжірибелер мен идеялар төңірегінде пікір алмасуда.
Іскерлік бағдарлама аясында қатысушылар Govtech, Индустрия 4.0, ESG, Smart City салаларындағы цифрлық трансформация және инновациялық шешімдер тақырыптарын саралап, жетекші сарапшылардың жаңа ұсыныстары мен инновациялық технологиялар көрмесі шеңберінде жобаларды талқылайды.
ҚазҰУ ғалымдары форум аясындағы көрмеге «Туризмнің цифрлық контентін жаңғырту: мобильді қосымшалар, панорамалық 3D турлар, интерактивті карталар және QR кодтар», «STEM-білім беруге арналған шағын ғарыш аппараттарының инновациялық конструкторы», «Жасанды интеллект және заттар интернеті негізінде су ресурстарын мониторингілеу жүйесі» т.б. стартап-жобаларын ұсынды.
Университет ғалымдары әзірлеген TOURISMQAZ мобильді қосымшасы – бұл көлік, орналастыру, тамақтану, гидтер-экскурсоводтар, нұсқаушылар мен аудармашылар, ойын-сауық және басқа да туристік қызметтерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі.
Сонымен қатар ҚазҰУ ғалымдары Іле-Балқаш бассейнінің су ресурстарын ақпараттық-талдамалық жүйесін әзірледі және онтология деректерінің веб-картасын таныстырды.
«Білім беру мекемелеріне арналған шағын ғарыш аппараттарының инновациялық конструкторларын өндіру» жобасы «Ғылым қоры» АҚ қолдауымен университеттің Процестік инновациялар орталығы базасында іске асырылуда. Ол ғарыштық робототехниканы, сондай-ақ еліміздің мектептері мен жоғары оқу орындарында STEM-білім беруді дамытуға бағытталған. «Alfasat» конструкторын еліміздің колледждері мен жоғары оқу орындарына енгізу жоспарлануда.
Гүл БАЯНДИНА