Қазақ робототехникасын әлемге танытуда
ҚазҰУ-дың механика-математика факультеті Механика кафедрасының оқытушылары Бекзат Аманов, Берік Сағитжанов, білім беру бағдарламасының докторанты Заңғар Рахматулла және кафедра түлектері С.Төленов, Е.Жолдасов, М.Смамқожаевтардың жетекшілігімен Алматы қаласы мектептерінің дарынды оқушыларын робототехника саласы бойынша халықаралық деңгейдегі чемпионаттарға дайындап, үздіктер қатарына қосуда. Мақсат – әлемге Қазақстанның робототехника саласын таныту және жеңіс тұғырына көтерілу.
Команда Индонезияның Депок қаласында өткен Robotics competition FIRST Tech Challenge IFR Nusantara Regional-да Қазақстан намысын қорғап келді. Алматы қаласындағы №124, №119 мектеп-лицей, Zaman мектептерінің 6-11 сынып оқушыларынан құрылған «124» командасы FIRST Tech Challenge IFR Nusantara Regional жарысының жеке командаларды іріктеу кезеңінде 1-орынды иеленді. Төмендегі кестеде көрсетілгендей, командамыздың жеке нөмірі – 23088. Жарысқа бес елден 30 команда қатысты. Алматылық оқушылар Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен келген 150 жас робототехникпен бірге жеті марапатқа ие болды: Control award (1-орын), Роботты басқару марапаты Think Award (3-орын), шығармашылық ойлау арқылы инженерлік кедергілерді жою, Connect Award (3-орын).
Сондай-ақ Қазақстан құрамасы Үндістанда өткен, 220 команда бақ сынасқан The Goa International Robotics Festival халықаралық ашық чемпионатына да қатысты. Ел намысын қорғаған командалардың бірі – Механика кафедрасының оқытушылары дайындаған «Qazaq Style» командасы.
«Qazaq style» командасы Алматы қаласының №124, №81, №178, №206, №200 мектептерінің және Түркістан облысы Жетісай қаласының №6 мектебінің оқушыларынан құралған.
Үш күндік чемпионаттың қорытындысы бойынша «Qazaq style» құрама командасының қоржыны үш жас санатындағы алты жоғары наградамен толықты. Солардың ішінде 12 жастан 18 жасқа дейінгі FIRST Tech Challenge (FTC) санаты бойынша 1-орынды «Inspire award 1st runner up» – «Qazaq style» командасы иеленді.
Динара ТУРАЛИНА,
Механика кафедрасының аға оқытушысы