ҚазҰУ студенттері «Көліксіз бір күн» акциясына белсенді қатысуда
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері «Көліксіз бір күн» акциясын белсенді қолдауда.
Акция аясында көшбасшы оқу ордасының білім алушы жастары әлеуметтік желілерде түрлі видеоконтенттер түсіріп, барша жұртшылықты көліксіз жүруге үндеуде.
Бастаманың мақсаты – Тұрақты даму мақсаттарының №9 – «Индустрияландыру, инновациялар және инфрақұрылым» бағытын жүзеге асыру, велосипед тебу, жаяу жүру сияқты балама көлік түрлерінің бар екенін экологиялық акция арқылы еске салу.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жолдауында: «Біз жасыл экономиканы дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, жалпы әлемдегі күрделі қаржы салымдарының үштен біріне жуығы жаңартылатын энергетика жобаларының еншісінде. Қазақстанда да бұл бағытта көп жұмыс атқарылды. Жаңа Экология кодексі және Көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы қабылданды», – деп атап өткен болатын. Сонымен қатар ҚР Президенті Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – адал азамат» атты екінші отырысында: «Балаларға экологиялық тәрбие беру маңызды. Оларды табиғатқа жанашырлықпен қарауға үйреткен жөн», – деп өз пікірін білдірді.
ҚазҰУ студенттері «Көліксіз бір күн» акциясы арқылы атмосфералық ауаның сапасын жақсартуға, қала ауасындағы пайдаланылған газдардың шоғырлану деңгейін төмендетуді, қоршаған ортаны аялауды насихаттауда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі