Киото шет тілдері университетінің доценті Мисочко Г.О. Қиыр Шығыс кафедрасының оқытушыларына дәріс оқыды

28 наурыз, 2024

26.03.2024 ж. сағат 15:00-де Киото шет тілдер университетінің доценті Григорий Олегович Мисочко Қиыр Шығыс кафедрасының оқытушыларына «Шет тілдерін оқытуда экстенсивті оқуды пайдалану: Киото шет тілдер университетінің тәжірибесі» тақырыбында дәріс оқыды. Мисочко Григорий Олегович – Киото шет тілдері университетінің доценті, сондай-ақ Ресей және ТМД жапон тілі оқытушылары қауымдастығының, Салыстырмалы педагогика жапон қауымдастығының (JCES), білім беру саласындағы зерттеулер жапон қауымдастығының (JERA), Орыс тілін оқыту мәселелері жөніндегі зерттеулер жапон қауымдастығының (JASRLE), Ресей және бұрынғы Кеңес Одағы елдерінде білім беру саласын зерттеу тобының (NIKORS) мүшесі болып табылады. Дәріс барысында шетелдік қонағымыз Киото университетінде ағылшын, француз және жапон тілдерін оқыту кезінде қолданылатын салыстырмалы түрде жаңа оқыту әдісі болып табылатын экстенсивті оқу жөнінде егжей-тегжейлі баяндап берді.

      Дәріс барысында Мисочко Г.О. аталған оқыту әдістемесінің ерекшеліктері, оның негізгі артықшылықтары, сонымен қатар, шет тілдерін меңгеру үдерісінде экстенсивті оқуды пайдалану кезінде туындайтын қиындықтар мен мәселелерді де талқылады. Дәрістен кейін кафедра оқытушылары осы тақырып шеңберінде шетелдік ғалымға өздерін қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Сондай-ақ кездесуде Алматы қаласы Қазақстан-жапон адам ресурстарын дамыту орталығының оқытушысы Скатов Әлішер Мермұхаметұлы «Студенттердің жапон тілінде оқу дағдыларын дамыту» тақырыбында және Қиыр Шығыс кафедрасының аға оқытушысы Нурелова Асия Мұхаметханқызы, «Шет тілінде оқу техникалары мен стратегияларын  үйретудегі инновациялық технологиялар» тақырыбында баяндамалар жасады. Шара жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті. Кафедра оқытушылары бұл кездесу пайдалы тәжірибе және білім алмасу, сондай-ақ болашақта әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де оқытудың жаңа әдістерін енгізу және дамыту мақсатында шетелдік әріптестермен ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың бастауы болғандығын атап өтті.

 

Қиыр Шығыс кафедрасы

жапонтану бөлімінің меңгерушісі

Тазабекова Г.Б.