ҚазҰУ-да халықаралық рейтингтерге қатысу дайындығы талқыланды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда университеттің халықаралық рейтингтерге қатысуына дайындық барысы және 2023/24 оқу жылындағы индикативтік жоспардың орындалу қорытындылары талқыға түсті.
Жиында Стратегиялық даму орталығының директоры Нұрболат Құдайбергенов «Университеттің 2024 жылы халықаралық рейтингтерге қатысу дайындығы» тақырыбында баяндама жасады. Өз баяндамасында ол QS WUR рейтинг әдістемесіне сәйкес, университет индекстерінің ағымдағы жағдайын ұсынды. «Қазіргі уақытта осы бағытта ҚазҰУ-да үлкен жұмыс жүргізілуде, атап айтсақ: барлық кафедралардан академиялық және сарапшы-жұмыс берушілердің жаңартылған тізімдерін (базаларын) жинау, QS WUR индикаторлары бойынша департаменттердің деректерін жинау, оларды өңдеу және QS HUB порталына жүктеу сында басқа да жұмыстар атқарылуда», – деді директор.
Егжей-тегжейлі мәліметтерге толы баяндамадан соң, халықаралық рейтингтерге қатысуға дайындық жөніндегі қызметті жандандыру, жұмыстағы олқылықтарды жою жөнінде шаралар қабылдау қажеттілігі талқыланды.
Зерттеу университетінің 90 жылдық мерейтойы қарсаңындағы QS WUR рейтингінде алға жылжу міндеті ерекше маңызға ие. Осы ретте Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев QS рейтингі аясындағы жұмыстарға баса назар аударып, Стратегиялық даму орталығына олқылықтардың себептерін анықтап, оларды жоюды және нәтижеге қол жеткізуді тапсырды.
Стратегиялық даму орталығының директоры Нұрболат Құдайбергенов 2023/24 оқу жылының бірінші жартыжылдығында кафедралар мен факультеттердің индикативтік жоспарды орындау қорытындылары туралы да баяндады. Ол оқу-тәрбие жұмысы, ғылыми-зерттеу және инновациялық қызмет, әлеуметтік-тәрбие жұмысы, академиялық сарапшылар мен сарапшы-жұмыс берушілердің беделді бағасы бағыттары бойынша факультеттер қызметінің көрсеткіштерін көрсетті.
Ғылыми жиын соңында проректорлар, факультет декандары мен орталық басшыларына QS WUR, QS by Subject, QS Sustainability, THE WUR, THE by Subject, The Impact Rankings, Green Metrics халықаралық рейтингтеріндегі тиісті қызмет бағыттары бойынша жұмысты үйлестіруді қамтамасыз ету, 2023/24 оқу жылына арналған индикативтік жоспар көрсеткіштерінің жоспарлы мәндерін орындау жөнінде нақты шаралар қабылдау сында басқа да тапсырмалар берілді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі