ҚазҰУ Ресей университеттерімен ынтымақтастықты арттырады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-ға жұмыс сапарымен келген Ресейдің жоғары оқу орындарының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді.
Атап айтқанда: оқу ордасының басшысы МИФИ ҰЯЗУ ректоры Владимир Шевченкомен, Алтай мемлекеттік университетінің ректоры Сергей Бочаровпен, Томск мемлекеттік университеті ректорының кеңесшісі Владимир Демкинмен, Лобачевский университетінің халықаралық байланыс және өзара іс-қимыл жөніндегі проректоры Александр Бедныймен, Санкт-Петербор мемлекеттік экономикалық университетінің халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Дмитрий Василенкомен және Мәскеу физика-техникалық институтының базалық ұйымдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі директоры Антон Кожемяченкомен келіссөз жүргізді.
Кездесу барысында тараптар ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ оқу орындарының басшылары қосдипломдық білім беру бағдарламасын іске асыру, ортақ ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу, тағылымдамадан өткізу мақсатында студенттер мен оқытушылар алмасу бойынша өзара пікір алмасты.
Жүздесуде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры оқу ордасының жетістіктері туралы айтып, алдағы жоспарымен бөлісті.
Өз кезегінде құрметті меймандар Қазақстан мен Ресей ЖОО ректорларының ІІ форумын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін және қонақжайлылық көрсеткені үшін ҚазҰУ басшылығына ризашылықтарын жеткізіп, серіктестікті дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі