ҚазҰУ-да «Қалашықтағы қол жетімді ас мәзірі» әлеуметтік жобасы жүзеге асуда

30 наурыз, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Тұрақты даму мақсаттарының №2 бағытын қамтитын «Қалашықтағы қол жетімді ас мәзірі» әлеуметтік жобасы жүзеге асуда.

 

Жобаның мақсаты – студенттер арасында дұрыс тамақтану мәдениетін насихаттау,  ысырапшылдыққа жол бермеу.

БҰҰ мәліметі бойынша күніне 1 миллиардтан астам тамақ қоқысқа лақтырылады. Ал 800 миллион адам аштықтан зардап шегеді.  Мәселен, 2022 жылы әлемде 1,05 миллиард тонна тамақ ысырап болған, бұл – адамдарға қолжетімді тағамның бестен бір бөлігі.

Осы орайда, жоба аясында ҚазҰУ студенттері ысырапшылдыққа жол бермеу және салауатты өмір салтын ұстану мақсатында дұрыс тамақтану бойынша түрлі видеолар түсіріп, әлеуметтік желілерде бөлісуде.

Акция барысында Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының білім алушы жастары адам денсаулығына зиянды қоспалары бар, жартылай дайын өнімдер мен майлы тағамдарды тұтынудан бас тартуға үндеді.

Сонымен қатар әлеуметтік жоба аясында ҚазҰУ қалашығында орналасқан асханалар мен кофеханалардағы ас мәзірінде студенттер үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі